Суббота, 21 декабря, 2024
Басты бетҚоғамМасылдық та бір вирус

Масылдық та бір вирус

Қазақта «қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Яғни, қандай да бір тіршілік иесі бұл фəниге келген соң Алла тағала оны ризықсыз қалдырмайды дегенді білдіреді. Осы бір ауыз сөздің құдіретін түсінген алдыңғы буын аға өкілдері-ай, сіздер не деген мықты едіңіздер. Неге мұндай ой топшылап отыр десеңіздер, əңгіменің төркіні мынада, қазір көптеген адамдар тұрмыс жағдайым төмен деп түрлі мекеменің табалдырығын тоздырып, көмек сұрап жүр. Бірақ, сол азаматтардың дені шын мұқтаж емес екенін көргенде жағаңды ұстайсың.

Бір мысал келтірсек, жуырда аудандық «Nur Otan» партиясы филиалына бір жас келіншек көмек сұрап келді. Сондағы айтқаны: «Мен көпбалалы анамын, не Үкіметтен, не партиядан көмек жоқ. Күйеуім болса жұмыссыз. Біздің жағдайды ойлап жүрген кім бар?» – деп аттан салмасы бар ма…

Əлгі келіншектің ашуы басылған соң барып қызық қыза түсті. Өзі Үкіметтен көмек алмаймын, жағдайым нашар деген ол көптеген адамдар қол жеткізе алмай жүрген сарайдай үйде тұрып жатыр екен. Мұны аз десеңіз, балаларына тиесілі əлеуметтік көмек беріледі. Ал жұмыссыз деген күйеуіне жұмыс тауып берейік деген ұсыныстан ғой бас тартып, өзінің жұмысы барын мəлімдеді.

Сонда біз кімді алдап жүрміз? Шын мұқтаж жандар дəл осы азаматтар сияқты ешкімнің есігінен сығаламайды. Себебі, көбі өзінің тұрмысы төмен екенін білдірмей, намыстанып, айлығы шайлығанан артылмайтын жұмысқа шығып кетеді екен. Міне, шын мұқтаждар осылайша өлместің күнін көріп жүрсе, орта жолдан пайда тапқысы келгендер «қай жерден қанша ақша алып қалсам екен?», «кімнің үстінен арыз жазып пайда тапсам болады» деген арамза пиғылда жүргендей сезіледі.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, əрине. Дегенмен, қазіргі қоғамда масылдықты модаға айналдырып жүргендердің қарасы көбейіп бара ма, қалай деп ойлайсың. Өйткені ол да бір вирус тəрізді ғой. Бəрі тегін дүниеге ие болғысы келеді. Бірақ өздерінде қарекет жоқ.

Қай заман болсын екі қолға бір күрек табылады ғой. Бірақ сол «күректі» ұстағысы келмей, зейнет жасына жеткен кəрі əке-шешесі мен мектептегі мұғалім əйелінің жалақысына жармасып жүргендерге не дерсіз…

Тепсе темір үзетін жігіттер басын салбыратып, жұмыс жоқты желеу етіп, ауыл-ауылда шөлмектің түбін түсіріп, бірімен-бірі қырықпышақ болып төбелесіп жүргенін де мақтан қылатын кезге жеттік. Бұған енді не дейсіз? Масылдықтан өткен сорақы əрекет бола ма? Осындай шешімі қиын сұрақтың төңірегінде жүргендер жаныңды қынжылтып, түрлі ой салатыны бар. Не істеу керек?

Елдар ЕРКІНҰЛЫ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments