Среда, 21 февраля, 2024
Басты бетUncategorizedНӨСЕРДІҢ СОҢЫ СЕЛ БОЛДЫ

НӨСЕРДІҢ СОҢЫ СЕЛ БОЛДЫ

Өткен жұма күні Дегерес, Шиен ауылдық округіне қарасты Сұңқар, Қараарша, Бесмойнақ елдімекендерінде қатты нөсердің салдарынан қарқыны қатты сел жүрді. Екпіні күшті қызыл су тау бөктеріндегі қорым тастарды домалатып ауыл шетіне дейін алып келген. Нәтижесінде Бесмойнақ, Қараарша ауылдарының ауыз су жүйесінің қоршауын қиратып, халықты сусыз қалдырды. Онымен қоса облыстық маңызы бар Ұзынағаш-Бесмойнақ тас жолының кейбір жерлерін су шайып, жол шетіндегі газ құбырларын қиратты.

Оқиға орнына аудан әкімі Нұрлан Ертас, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, Ұзынағаштағы №4 өрт сөндіру бөлімі жедел барып, қауіпсіздік шараларын жүргізіп, тиісті-бөлім, мекеме басшыларына тапсырма берді.

Шиен, Қараарша, Бесмойнақ ауылыны бағытталған тау суының бағытын өзен арналарына бұру, таудағы малшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Асфальт үстіне жиналған қорым тастарды тазарту нәтижесінде көлік қозғалысы ретке келтірілді.

Сенбі, жексенбі күндері сусыз отырған Қараарша, Бесмойнақ ауылдарына аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен су тасымалдау жұмыстары жүргізілді. Тасқын су Шиен ауылының орталық көшесімен шығысқа қарай ағып өткенде жол жиегінде орналасқан 100-ден астам тұрғын үйлердің ауласына су кірген. Оларды судан тазартуға Ұзынағаштағы 28237 әскери бөлімінің сарбаздары, еріктілер, әкімдік қызметкерлері, жалпы саны 60-тан астам адам жұмылдырылды. Арнайы техника мен су сорғытқыш құрылғының күшімен аулалар судан тазартылды.

Сенбі күні аталған елдімекендерге арнайы барып, жағдаймен танысып қайттық. Қараарша ауылының аялдамасында қираған газ құбырларын қалпына келтіру жұмыстарына куә болдық. Осы маңда тұратын тұрғындар да оқиға орнына келіп, қызметкерлерге көмек қолдарын тигізіп жүр екен.

Мен осы Қараарша ауылында 1967 жылдан бері тұрамын. Жарты ғасырдан бері дәл мұндай алапат су тасқынын көрмедім. Бұл табиғаттың тілсіз апаты ғой. Әр жылдары қатты жаңбырдан мына өзен арналары толып, тек су ғана өтетін еді. Оның ешбір зияны жоқ болатын. Ал, биыл селмен бірге үлкен-үлкен тудың тасы ағып түсті. Жолымызды шайып, газдың трубасын үзіп кетті. Онымен қоймай ауыз судың жүйесіне де зақымы келді. Сусыз қаламызба деп едік әкімдік арнайы көлік ұйымдастырып, суды үздіксіз таратты. Бүгін міне газдың құбырын дәнекерлеп қайта қосып жатыр. Кімді кінәлаймыз? Ешкімнің кінәсі емес, Жаратушының құдіреті ғой. Кеше аудан әкімі де осы жерде болды. Ауыл әкімі менің ұлыммен бірге таудың бас жағына атпен кетті. Ол жаққа көлік бара алмайды. Ауыз судың су шайған жерлерін жөндеп жүр. Мұндай тілсіз апат боларын кім білген. Мына ауылдағы жігіттерге қарап отырмаңдар деп айттым. Ауыл өзіміздікі, игілігін өзіміз көреміз. Ауданнан келіп жұмыс істеп жатқан азаматтарға көмектесіп жатырмыз. Апаттың тигізген зиянын көріп, дер кезінде шара қолданып жатқан аудан атқамінерлеріне алғыс айтамын. Ең бастысы Адам мен малдың шығыны жоқ. Тек мына су шайған жолымыз жөнделіп, бұрынғы қалпына келсе болды. Соған тәубе деймін,- деді Қараарша ауылының тұрғыны Ырысбике Сұртаева.

Оқиға орнында кездескен Жамбыл аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Асқар Орысбаев оқиғаны былай түсіндірді:

Кеше сағат 16:52-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Қараарша ауылының Дегерес ауылдық округі елді мекенінде нөсер жауын-шашынның салдарынан су тасқыны болғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Алматы облысы ТЖД, сондай-ақ Жамбыл ауданының жергілікті атқарушы органдарынан 30 адам және 2 техника күштері мен құралдары дереу оқиға орнына келді. Оқиға орнына барғаннан кейін жауын-шашынның салдарынан және таулы өзендердің беткейлерінде 36 шақырым (Шиен ауылы) және 54 шақырым (Қараарша ауылы) «Ұзынағаш-Бесмойнақ» облыстық маңызы бар автомобиль жолында ағынының қалыптасуы салдарынан автожол төсемін тасқын су шайғаны анықталды. Жолдың астынан өтетін құбырлар су ағынына төтеп бере алмады. Жол бойында әртүрлі фракциялардың лайлары мен тастарынан шөгінділер пайда болып, салдарынан автожолдың осы учаскелерінде көлік қозғалысы жабылды. Арнайы техниканың көмегімен жолды тазартып, көлік қозғалысын қалпына келтірдік.

Сондай-ақ, орташа қысымды газ құбырының учаскесі (шамамен 70-80 метр) бүлініп, Шиен ауылдық округі Шиен ауылының орталық көшесінде орналасқан 140-қа жуық аула аумағында су тасқыны болды. Шиен ауылының халық саны – 2704 адам, Қараарша ауылының халық саны – 237 адам. Жергілікті атқарушы органының күштері мен құралдары, Ұзынағаш ауылының 4-ӨСБ өрт сөндірушілері, сондай-ақ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері 138 жеке тұрғын үй аулаларынан, үйлердің жертөлелері судан тазартылды. Қалған су  қалдықтары топыраққа сіңіп кетті.

Кеше Ұзынағаш ауылында орналасқан ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінің жеке құрамынан 30 адам, ТЖ бөлімі мен №4 өрт сөндіру бөлімінен 20 қызметкер және техника, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарынан 20 қызметкер және көмекші техника оқиға орнында болды.

Тазалау және қалпына келтіру жұмыстары кезінде авариялық қызмет тобы 3 елді мекенді (Сұңқар, Қарарша, Бесмойнақ) газбен жабдықтаудан ажыратты. Қазір «Тәуекел газ» ЖШС пайдаланушы ұйымы авариялық учаскеге газ құбыры желілерін қалпына келтіру бойынша авариялық топ жіберіп, қираған құбырларды толық қалпына келтіретін болады,- деді.

Иә, апат айтып келмейді. Осы су тасқыны туралы әлеуметтік желідегі бейне түсірілімдерді шолып шықтық. Жарияланған бейне материалдың астына сан-алуан пікірлер жазылыпты. Бірі табиғаттың тосын мінезі десе, бірі әкімдіктен көріп жатыр. Ал, осы оқиғаны жарыса жариялаған республикалық телеарналардың баяндауы әр қилы болып шықты. Журналистердің оқиғаны жеткізу барысында тек бір жақты пікірге ойысқанын байқадық. Нақтырақ айтсақ «Алматы облысының Жамбыл ауданын су басты. Күштік құрылымдар шара қолданбады. Тұрғындар шарасыз күй кешуде» деп, жауды жақындатып, итті тақымдатып, жұрттың жағасын ұстатыпты. Алайда біз оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі зерттедік, сұрастырдық, жарияладық. Сүрінгенді құлады деп жар салатын әріптестерге журналистік қызметке деген сертіне адал болуды ескерген дұрыс деп ойлаймыз…

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments