Понедельник, 22 апреля, 2024
Басты бетUncategorizedТоқаев пен Байден "C5+1" саммитінде экономика, энергетика және қауіпсіздік мәселесін талқылады

Тоқаев пен Байден «C5+1» саммитінде экономика, энергетика және қауіпсіздік мәселесін талқылады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке сапары аясында АҚШ пен Орталық Азия елдері басшыларының саммитіне қатысып, АҚШ президенті Джо Байденмен кездесті.

Саммитке АҚШ пен Қазақстан президенттерімен бірге Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қатысты.

Ақорданың хабарлауынша, жиында С5+1 серіктестігі аясында экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланған.

Саммитте Тоқаев Байденнен кейін сөз сөйлеген.

«Кездесу барысында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестиция мен гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды» деп хабарлады Ақорда.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметі саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілгенін жазды.

Ақорда жиындағы пікірталас барысында қауіпсіздік проблемалары, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды деген ақпарат таратты.

«Қазақстан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын ашу ісінде АҚШ тарапының қолдауына сенім артатынын жеткізді» делінген Ақорда баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.

Бұған дейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы АҚШ президенті Джо Байденді Орталық Азия басшыларымен кездескенде адам құқықтары мәселесін басты орынға қоюға үндеген. Ұйым мәлімдемесінде президент Байден Орталық Азияда саяси қудалауға, сөз бостандығын тұншықтыруға, полиция қатыгездігіне тоқтау салуға және азаптау қылмысына қатысы барлардың жауаптан сытылып кетуіне жол бермейтін нақты қадамдарды талап етуі қажеттігі айтылған еді.

Ақорданың хабарламасында АҚШ-тағы жиын мен кездесуде адам құқықтарының жағдайы талқыланғаны туралы ешнәрсе айтылмаған.

АҚШ-тағы кездесу алдында кейбір қазақстандық ақпарат құралдары саясаттанушыларға сүйеніп, саммиттің күн тәртібіндегі басты тақырыптың бірі — Ресейге қатысты санкция режимін сақтау мәселесі болады деп жазған, өйткені саммитке қатысушы екі ел Еуразия экономика одағына мүше және Ресеймен ашық кедендік шекара режимінде тұр.

Ақорда президент Тоқаевтың АҚШ-тағы кездесулерінде санкциялар мәселесі қозғалғаны я қозғалмағаны туралы ештеңе хабарламады.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments