Воскресенье, 21 апреля, 2024
Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда әлеуметтік желіде парақшасы барларға қатысты жаңа талап енгізіледі

Қазақстанда әлеуметтік желіде парақшасы барларға қатысты жаңа талап енгізіледі

Блогерлерге қатысты жаңа қағидалар 2 наурыздан бастап күшіне енеді.

Блогерлер қанша табыс табады?

TrendHERO деректеріне жүгінсек, Қазақстанда 556 мыңнан астам блогер бар. Оның ішінде 483 мыңнан астамы – 10 мыңға дейін, 63 мыңнан астамы – 50 мыңға дейін, 10 мыңнан астамы – 500 мыңға дейін, 400-дей блогер – 1 миллионға дейін, ал 230 блогер – 1 миллионнан астам жазылушыға ие.

«Қысқа уақыт ішінде блогерлер санының күрт өсуі олардың жұмысын, әсіресе, ақша табумен байланысты жарнамалық қызметін құқықтық реттеуді қажет етеді. Сондай-ақ, жұртшылық, олардың жазылушылары блогерлердің сөзіне риясыз сенуге бейім. Салдарынан, олар алаяқтықтың, адал емес жарнаманың құрбаны болады», – деп келтірді Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Мысалы, 2022 жылғы сәуірде «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін блогерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шернязов 5 жылға сотталды. Бұл іс бойынша 169-дан көп азаматқа 2 миллиард теңгедей шығын келтірілген.

2022 жылы әнші-блогер Ернар Айдар әлеуметтік желілерде заңсыз «үлкен ұтыс ойынын» жарнамалады. Оған сенгендер әрқайсысы 9 900 теңгеден тұратын 20 мыңнан астам ұтыс билетін сатып алды. Кейін Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде ешқандай жүлделер, пәтерлер ойнатылмағанын хабарлады. 12 адамға іс қозғалды. Ернар Айдар өзінің де алданғанын айтып, құтылып кетті.

Мәжіліс депутаты, блогер Дәулет Мұқаевтың жарнамасына сеніп, алданып қалғанын айтқан үлескерлер де ұлардай шулап жүр.

Сарапшылар блогерлердің айына 70 миллион теңге және одан көп таба алатынын айтады. Мысалы, Aliexpress сияқты компанияларға жаңа тұтынушыларды табуға көмектескен қазақстандық блогерлер сондай табысқа қол жеткізе алыпты. Одан да азулылары бар.

Блогерлік саладағы Social Media Awards сыйлығының иегері, медиабизнесмен Бейбіт Әлібековтің жарнама үшін қанша ақы алатыны белгілі болды. Журналист Дмитрий Шишкин анықтағандай, Әлібеков жарнамалық reеls үшін 3,7 миллион теңге, тауар бренді бар фотопостты басқаны үшін 3,1 миллион теңге, stories сериясы үшін 2,5 миллиона теңге сұратады.

Бірақ trendHERO дерегінше, Әлібековтың сапалы аудиториясы – 1,6 миллиондық жазылушыларының небәрі 52%-ын ғана құрайды екен.

Қазақстандағы Perfluence компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Тарлан Усейнов онлайн-тұғырнамалардағы жарнаманың адымын аштырмай тұрған түйткілді атады. Блогердің жарнамасы өнімді нарықта, тұтынушылар арасында қаншалықты ілгерілететіні белгісіз.

«Қазіргі кезде жарнама берушілер өздерінің блогерлермен жұмысының қаншалықты тиімді екенінен мүлдем хабарсыз. Блогерлер өз арналарында, парақшаларында өнім туралы айтып, дәріптейді де, постты, стористі, не видеоны қанша адам қарап, қанша лүпіл-лайк басқаны бойынша есеп берумен шектеледі. «Қаншасы шынымен сатып алды екен?» деп, ауқымды сұрау салу, жазылушыларымен кері байланыс деген жоқтың қасы. Салдарынан олардың жарнамасы саудаға қанша үлес қосқаны ешкімге белгісіз», – деді Тарлан Усейнов.

Компанияларда жарнамаға жауапты бөлімдер блогерлермен жұмысты үйлестіріп, оларды бақылауға тырысады. Мысалы, олардың брифингіне, журналистермен кездесуіне қатысады, видеоларын, посттарын, есептерін, басқасын қарайды. Қажет болып жатса, қайта түсіруді, не қайта жазуды талап етеді. Ал ақыр соңында, бұдан компанияға нендей пайда, қайтарым, нәтиже келгені туралы ешқандай ақпарат ала алмайды. Саудасы әлдеқалай өсіп жатса, бұған блогердің де қосқан үлесі бар болар деп тұспалдайды.

Мемлекет неге саланы реттеуге кірісті?

Ақпарат министрлігінің дәйектеуінше, соңғы жылдары Қазақстанда онлайн-орта қарқынды өсуде. Жарнама берушілер біртіндеп, ғаламторға ауысып жатыр.

«Онлайн-платформалар жай ғана ойын-сауық алаңы болудан қалды.  Ол әлеуметтік желіде парақшасы бар кез келген пайдаланушы толыққанды кәсіпкерлік қызметін жүргізе алатын ортаға айналды. Атап айтқанда, онда жарнамалық материалдар ақылы негізде орналастырылады. Интернеттегі жарнама – әлемдік экономикадағы қарқынды дамып келе жатқан сегменттердің бірі болуымен маңызды. Сонымен қатар, оның белсенді өсуі шығармашылық-креативті индустрияның дамуына айтарлықтай серпін береді. Жыл сайын интернет-жарнамаға шығындар орта есеппен 15%-ға өседі, ал 2025 жылы болжамды өсім 2020 жылмен салыстырғанда екі еселенеді», – деп мәлім етті ведомство.

eMarketer дерегінше, жаһандық онлайн жарнама нарығы 2021 жылдың өзінде 491,7 миллиард доллардан асты. Бұл тарихи максимум. Өсім жалғасуда.

Kepios мәліметінше, әсіресе, пандемиядан бері әлеуметтік желілердің жалпы аудиториясы шамамен 30%-ға өсті, сөйтіп, соңғы 3 жылда 1 миллиардтан астам жаңа пайдаланушы қосылды.

Қазақстан қалыс қалып жатқан жоқ. Азаматтарымыз интернетте өткізетін уақытын арттыруда. Қазнетте барлық негізгі көрсеткіштің өсуі байқалады. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 6-74 жас аралығындағы қазақстандықтардың арасында тұрақты болмаса да, интернет желісін пайдаланушылардың үлесі 90%-дан асты.

Сондықтан билік онлайн-платформалардың жұмыс істеуі үшін заңнамалық негізді қалыптастырып отыр. Бұған оны осы сегментке қатысты өзекті тұжырымдамалық аппараттың жоқтығы, пайдаланушылардың өзара қарым-қатынасындағы және онлайн-платформалар әкімшілігімен өзара іс-қимылындағы бірқатар «сұр аймақтардың» сақталуы итермелепті.

Саланы реттеу мақсатында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасымен әзірленген «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға 2023 жылғы 10 шілдеде қол қойды. Алайда аталған заң тек биылғы 2024 жылдың 2 наурызында күшіне енеді.

Соған дейін Үкімет заң нормаларын орындауға, ондағы тетіктерді іске қосуға мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға тиіс. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 16 ақпандағы №59-НҚ бұйрығымен «Онлайн-жарнаманы таңбалау қағидалары» бекітіліп отыр. Жаңа қағидалар интернеттегі, әлеуметтік желілердегі жарнаманы реттеуге бағытталған.

Онлайн-жарнама қалай таңбаланады?

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның түсіндіруінше, күшіне енгелі тұрған заң Қазақстанда қауіпсіз онлайн орта құруды мақсат тұтады. Құжаттағы көрсетілген негізгі құқықтық тетіктердің біріне сәйкес, блогерлер, вайнерлер және басқа да азаматтар желіде орналастыратын жарнамасын тиісті таңбалауға міндеттеледі.

«Біз зерттеген халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жетекші елдер онлайн-жарнаманың маңызды рөліне және оны онлайн-платформаларда көрсетуге ерекше назар аударады. Заң онлайн-жарнаманың ашықтығын арттыруға бағытталған талаптардан тұрады. «Әділет» порталында желідегі жарнаманы таңбалау қағидалары және оны белгілейтін бұйрық жарияланды. Құжат 2 наурызда күшіне енеді. Қағидалардың бизнеске әсері оң бағаланғанын және толығымен Қазақстанның онлайн сегментінде кең таралған қазіргі тәжірибеге негізделгенін атап өту қажет. Оларды қалыптастыру кезінде коммерциялық негізде орналастырылған контентті өз бетінше белгілейтін медиа-субъектілер тәжірибесіне сүйендік. Біз өз кезегімізде осы трендті Қазақстанның бүкіл интернет кеңістігіне таратқан жөн деп есептейміз», – деді министр Балаева.

Сонымен, жаңа қағидаларға сәйкес, инфлюенсерлер, блогерлер коммерциялық немесе келісімшарттық негізде орналастыратын онлайн-жарнамаға тиісті жазу жазып, таңбалауға тиіс болады. Олар жарияланымның басында немесе соңында төмендегідей таңбаның бірін көрсету керек:

  • «жарнама»;
  • «жарнамалық материал»;
  • «серіктестік материал»;
  • «демеушілік материал»;
  • «жарнама құқығында»;
  • «демеушімен төленген»;
  • «PR құқығында».
  • «Қайырымдылық және коммерциялық емес сипаттағы, немесе басқа да қоғамдық пайдалы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған әлеуметтік жарнаманы, сондай-ақ жедел хабар алмасу сервистерінде, мессенджерлерде орналастырылатын жарнаманы бұлай белгілеудің қажеті жоқ», – деді Аида Балаева.

Мемлекеттік кірістер  комитетінің хабарлауынша, қазіргі кезде салық органдарында 405 блогер ресми тіркелген. Олар 2023 жылдың қорытындысында шамамен 210 миллион теңге салық төледі.

Бірақ сөз болған талаптар тек кәсіби инфлюенсерге, блогерлерге ғана емес, әлеуметтік желіде, YouTube-та, басқасында ақылы материал орналастыратын барлық пайдаланушыға қатысты.

Өйткені қағида бойынша «онлайн-платформаларды пайдаланушылар және онлайн-платформалардың меншік иелері таргеттелген жарнама, демеушілік контент, өзге де ақпарат түрінде жасайтын, орналастыратын, тарататын, сақтайтын, әрі тұлғалардың беймәлім тобына арналған онлайн-платформалардағы жарнама» – онлайн-жарнама деп танылады.

Егер контентіңізде жеңілдікті акцияларға немесе тауарларға, жұмыстарға, қызметтерге сілтемелер болса, сондай-ақ «интернет-ресурстарға, жарнама берушінің немесе жарнама таратушының онлайн-платформалардағы аккаунттарына сілтемелер» болса, ол онлайн-жарнама ретінде таңбалануға жатады.

Бұл ретте тек:

  • мессенджерлерде орналастырылатын онлайн-жарнама;
  • телеарналардың, радиоарналардың ғаламтордағы, әлеуметтік желідегі парақшаларында орналастырылған теле-радио бағдарламалар мен олардың фрагменттеріндегі жарнама;
  • әлеуметтік жарнама ғана таңбаланудан босатылады.

Онлайн-платформаларда орналастырылған таргеттелген жарнамалық материалдарды онлайн-платформаның өзі, автоматты режимде «жарнама» деп, дербес таңбалайды.

Осылайша, мемлекет биылдан бастап, елімізде қанша блогер нақты қандай және қанша жарнамалық өнімді орналастырғанын біле алады.

 

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments