Четверг, 20 июня, 2024
Басты бетЖаңалықтарӘрбір қазақстандыққа мемлекеттен 44 мың теңгеден төленбек

Әрбір қазақстандыққа мемлекеттен 44 мың теңгеден төленбек

Әңгіме қан тапсыратын донор азаматтарға берілетін төлем турасында болып отыр.

Елімізде жыл сайын қан құюдың шамамен 400 мыңдай процедурасы жүргізіледі. Бұл ретте бір жылда 200 мыңнан астам адам қан тапсырады.

Соның ішінде қанын үш және одан көп рет берген тұрғындардың саны 18 мыңдай. Олардың ішінде әзірге 100-ден аса қазақстандық қана «Құрметті донор» бейресми атағына ие (ресми атақ ұлттық заңнан жойылған). Жыл сайын, 14 маусымда, яғни «Дүниежүзілік қан доноры күнінде» бұл атпал азаматтарға әр өңірде түрлі құрмет-қошемет көрсетіледі, сый-сияпат жасалады.

Өзгелер де олардың арасынан орын ала алады: 40 реттен көп қан тапсырғандар «Құрметті донор» атануы мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, республикада 470-тей медициналық ұйым қан құю саласында қызмет етеді. Бүгінде барлық ауруханалар қанмен және оның компоненттерімен қамтамасыз етілген көрінеді. Қордың барына қарамастан, ел донорлық қан банкін толтыруға ұдайы зәру. Донорлық қан және оның компоненттері негізінен акушерлікте, онкогематологияда, хирургияда, травматологияда қолданылады.

Қазақстанда қан тапсыру – ерікті іс. Дегенмен, нарық заманында адамдарды ынталандыру үшін азын-аулақ төлемақы төленеді.

Азаматтар оның аздығына біраздан назар аудартып жүр.

«Қан тапсыру үшін ақшалай өтемақы көлемін арттырған жөн. Мысалы, 2023 жылы 862,5 теңге ғана төледі. Бұл бір шоколад сатып алуға ғана жетеді. Денсаулық сақтау министрлігі донорларға өтемақыны 2021 жылы 1,5 АЕК-ке дейін көтеруді жоспарлаған. Сол бойы көтермеді. Дұрысы – ақшалай өтемақыға алынатын азық-түлік рационы донордың энергетикалық шығынының орнын толтыруға жетуге тиіс. Денсауминінің өзі қазіргі төмен өтемақыны «қан донорларының әлеуметтік мәртебесіне теріс ықпал ететін салмақты дискредитациялаушы фактор» деп бағалаған еді. Салдарынан, ресми мәлімет бойынша соңғы 5 жылда тіркелген донорлардың саны 30 пайызға кеміп кеткен», – дейді сала белсендісі Бауыржан Ордағұлов.

Сарапшы өзге елдердің тәжірибесін келтірді. Дамыған елдерде қан тапсыру – тегін әрі ерікті саналады. Дегенмен, Америкада жеке ұйымдар қан плазмасын (қан жасушалары жоқ қанның сұйық бөлігін) тіпті супермаркеттердегі төл орталықтарында да жинайды. Қан тапсырғанға қарағанда плазма тапсыру адам ағзасын сонша қатты аздырмайтын көрінеді, сондықтан сау америкалықтар немесе мигранттар плазманы шамамен екі аптада бір рет тапсыра береді.

The Bell дерегінше, тапқан табысы өміріне жетпейтін жұмысшылар, төмен жалақы алатын саудагерлер, білім кредитін әзер төлеп жүрген студенттер және басқасы үшін бұл – қосымша табыс көзіне айналды. Бір рет плазма тапсырған адамға АҚШ-та 70 долларға дейін өтемақыны қолына санап береді. Тұрақты тапсырып тұрса, жылына бірнеше мың кіріс көре алады екен.

Адам пайдакүнемдікке салынып, тым елігіп кетсе, анемияға душар болуы, ағзасы инфекцияларға қарсыласа алмай қалуы, бүйрегіне, бауырына зақым келуі мүмкін.

Германияда елді донорлық қанмен қамтамасыз ететін университеттік клиникалар өз донорларына тегін тамақ және 40 еуро (шамамен 20 мың теңге) ұсынады.

Көрші Ресейде, Мәскеуде бір рет қан тапсырғандарға (450 мл) – 2 381 рубль (шамамен 13 мың теңге), плазма тапсырғандарға (600 мл) – 4 464 рубль (шамамен 24,5 мың теңге), тромбоцит тапсырғандарға – 10 416 рубль (57 мың теңгедей) төленеді.

Донорлардың шағымын Денсаулық сақтау министрінің құлағы шалғанға ұқсайды. Ажар Ғинияттың ведомствосы экс-министр Алексей Цойдың 2020 жылғы 25 қыркүйекте қабылдап кеткен бұйрығын өзгертетін жаңа бұйрықтық жобасын әзірледі.

Жаңа құжат: «Қан мен оның компоненттерін донациялауды өтеулі негізде орындайтын донорларға төленетін төлемдердің қағидаларын, өлшемшарттарын және мөлшерін, сондай-ақ қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялауды өтеусіз негізде жүзеге асырған донорға берілетін тегін тамақтың ақшалай баламасының мөлшерін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің №ҚР ДСМ-111/2020 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» деп аталады.

Бұйрық жобасына 3-қосымшаға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі енді донорларға ақшалай өтемақыны 5 есеге көтеруге ниетті.

«Қанды, оның компоненттерін донациялауды өтеусіз негізде жүзеге асырған донорға берілетін тегін тамақтың ақшалай баламасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 1,25 мөлшерін құрайды», – деп жазылған жаңа бұйрық жобасында.

Қолданыстағысы – 0,25 АЕК қана. Бірақ осы бес есе өскеннің өзінде Қазақстанда донорларға берілетін өтемақы әлемдегі ең бір азы болып қалады.

Егер Ажар Ғиният осы жолы жаңа бұйрығына қол қойса, онда донорларға өтемақы сомасы 4 615 теңгеге дейін (1,25 АЕК) өседі. Бірақ ол қол қоюы үшін жаңа мөлшерлемеге Министрлер кабинеті келісім беруге тиіс.

Денсаулық сақтау министрлігі бұған баруға мәжбүр екенін негіздеді. Бір жағынан, республикада донорлық қанға деген қажеттілік жоғары, өсіп барады. Екінші жағынан, әлем бойынша Қазақстанда донорлық белсенділік деңгейі төмен: 1000 адамға шаққанда 13–14 донордан ғана келеді.

Қазақстан болса, сейсмикалық белсенділік кезеңіне кірді, жер сілкіністері жиілей бастады. Бетін аулақ қылсын, егер жер тербеліп, зілзаладан Алматы не басқа ауыл-қалалар жаппай жайрап қалса, қаптаған донорды табу мұңға айналуы мүмкін.

Салыстырғанда, қазақ еліне қарағанда халқы көп АҚШ-та әрбір мың тұрғынға орта есеппен 60, Еуроодақ елдерінде – 40 донордан келеді.

«Посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдерде сақталған «Құрметті донор» атағы, сондай-ақ бұл атақ иелеріне берілетін материалдық жеңілдіктер мен преференциялар Қазақстанда жойылды. Донорлар бүгінде «Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталуы мүмкін. Алайда бұл төсбелгілердің саны шектеулі және оны алу үшін донорларға медицина қызметкерлерімен бәсекелесуге мәжбүр. Салдарынан, награданы бөлу кезінде донорлар көбіне ұтылып, қатары қалың медицина қызметкерлеріне жол береді, құр қалады. Қазіргі кезеңде қан донорларының өтемақысының төмен болуы және олардың әлеуметтік мәртебесінің заңнамада анықталмауы – күрделі мәселеге айналды», – деп дәйектеді Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары.

Сондықтан олардың байламынша, өтемақы көлемі ұлғайтылса, бұл қан тапсыратын өтеусіз донорлардың ағынын арттырады.

Айтпақшы, өңірлерге өтемақы көлемін қосымша көтеру мүмкіндігі беріліпті. Бұл істе Ақмола облысы ізашардың біріне айналуы ғажап емес.

Ақмола облысының жаңа мәслихаты бұрынғы депутаттық корпустың 2020 жылғы 21 мамырдағы «Донорларға қосымша көтермелеу беру туралы» №6С-43-6 шешіміне өзгеріс енгізуге кірісті.

«Ақмола облыстық мәслихаты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 12-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, шешім қабылдады. Донорларға бір реттік қан донациясы үшін «2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңымен белгіленген мөлшерде, 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша көтермелеу берілсін», – делінген жергілікті мәслихат шешімінің жобасында.

Сонда елордалық бұл облыста донорларға 2 АЕК-тен немесе 7 384 теңгеден берілмек.

Республикалық қан орталығы мамандарының түсіндіруінше, тұтас қанды (жаңа алынған қан, цельная кровь) ерлерге – бір жылда 6 рет, әйелдерге 4 рет қана тапсыруға болады. Тиісінше, 2 АЕК-тен есептегенде, биыл ерлер мемлекеттен 44 304 теңге, нәзік болмыс иелері – 29 536 теңгеден ала алуы мүмкін.

Орталықтың мәліметінше, плазманы кем дегенде 14 күн өткеннен кейін тапсыра беруге болатын көрінеді.

Ақмола облысының батыл, игілікті бастамасын өзге өңірлер де басшылыққа алса, құба-құп.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments