Қазақ халқының ұлы ойшылы, ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Іле ауданында тағылымды мәдени шара ұйымдастырылмақ. Бұл рухани кеште Ақши халық театры қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясын сахналайды.
Спектакльде Абайдың өмір жолы, ел бірлігі, адамгершілік, білім мен әділдік жолындағы күресі көркем бейнеленеді. Қойылым көрерменге ұлы тұлғаның терең ойларын, халқына деген жанашырлығын және өшпес мұрасын жаңа қырынан танытады.
Мәдени шара 2026 жылдың 10 тамыз күні сағат 18:00-де Н. Тілендиев атындағы Іле аудандық мәдениет үйінде өтеді. Қойылымға кіру тегін.
Абай мұрасын ұлықтап, ұлттық өнерді насихаттайтын бұл кеш – рухани құндылықтарды дәріптеуге арналған маңызды мәдени оқиға. Барша аудан тұрғындары мен өнерсүйер қауымды тағылымы мол қойылымды тамашалауға шақырамыз.


