Четверг, 13 марта, 2025
Басты бетЕңбек адамыАБЫРОЙЛЫ ЕҢБЕК, ІЗГІЛІКТІ ІЗ

АБЫРОЙЛЫ ЕҢБЕК, ІЗГІЛІКТІ ІЗ

  • «Жұмысшы мамандықтар жылы»

АБЫРОЙЛЫ ЕҢБЕК, ІЗГІЛІКТІ ІЗ

Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары құм шағылды, иен даланы игеру мақсатында Күрті ауданы құрылып, жаңа бастама талай жастың өмірінің өзгеруіне жолбасшы болғаны аян. Өйткені жаңа ауданға жан-жақтан жоғары оқу орнын бітірген қыз-жігіттер ағылып келді. Аудандағы «Желтораңғы» кеңшары бұған дейін Балқаш ауданына қараған екен. Кеңшардың  іргетасы 1961 жылы қаланған. Елді мекен Іле  мен Топар өзендерінің бойына орналасқандықтан жері шұрайлы, малға жайлы. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, айдында бауыры күнге шағылысқан балығы да байлықтың бір көзі болып, жергілікті тұрғындардың азық-түлік мәселесін шешті.

Еңбек жолымды жаңа ауданнан бастағандықтан өңірдегі кәсібін дөңгелеткен майталмандардың аты-жөнін әлі де ұмытпаппын. Сол кезде мал шаруашылығын өркендетуге желтораңғылық Ленин және Еңбек Қызыл Ту орденді Тарыбай Бейсембаевтың тәжірибесін газет бетінде насихаттағаным есімде. Мұндай озаттар шаруа-шылықта көптеп саналды. Ірі қара өсірушілердің, бордақылаушылардың еңбегі ерен-ақ еді.

Енді негізгі мәселеге келейін. Өйткені, біраз аптал азаматтың есте қалар сәттері, күндері мен жылдары осы Желтораңғы жерімен тығыз байланысты. Ақжал толқынды Іленің саф ауасы мен тұнық суы оларға күш-қуат берді, алдағы армандарына қанат бітірді. Бұл мекен олар үшін өмір баспалдағы, арман асуы болғанын өздері кейін білген болар.

Осы өңірге дәм-тұз тартып жалындаған жас жігіт Серік Үмбетов 1985 жылы шаруашылық директоры болып келді. Жай келмеді қыруар жұмыстың тиянағын келтірді. Жігерін жанып, тыным таппады. Жүрген жерінде тың бастама көтеретін Үмбетовты мұндағы жұрт әлі де ұмытпайды. Басшының бір күн көргенге қырық күндік сәлем беретін әдеті. Айшықты дәлелі Серік Үмбетов оны негізгі өмірлік шарты ретінде ұстанады. Бұған мысалды көптеп келтіруге болады…

Жақында мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбікенұлы арнайы Желтораңғы ауылына бірнеше күндік сапарын арнады. Жай ғана емес, өзі көрген, білген адамдармен кездесіп, өткенді еске алып емен-жарқын әңгімелесті. Сапарлас азаматтар қиырдағы жұрттың тыныс-тіршілігін көзбен көрді, жақсы тұрмыстарына көңілдері толды. Осындайда ақын Есенқұлдың:

– Саған келсем, көңіл жайлы арқа кең,

Сенде ғана тұрған сынды жарты әлем.

Жұрттың бәрі жұмақ іздеп кетсе егер,

Таныс жолмен мен өзіңе келер ем, – деген өлең жолдары еске түседі. Ақын айтқандай, кейбіреулер демалысын шет елдің керемет жерлеріне арнап, сапар шегіп жатса, қыстың көзі қырауда Секең бастаған бір топ азаматтар алыстағы ауылға тізгін тартқаны құптарлық. Сапар барысы жайлы Алматы облысының, Балқаш ауданының құрметті азаматы Ерғазы Қошанбеков сапар жайлы былайша әңгімеледі.

Бұрынғылар өткен күнді еске алу өскендіктің белгісі, өткен күнді ұмыту өшкендіктің белгісі деуші еді. Сол айтпақшы, 1985 жылы Күрті ауданы, Желтораңғы кеңшарына директор болған және артына ізгілікті із қалдырған азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбікенұлы Үмбетовпен арнайы сапарымыз сәтімен болды. Алғашқы күні малшы қауымының қыстауы мен жайлауын, күздеуін аралап, мына жерде мына малшы, мына жерде ана малшы отырушы еді. Сол жылдары арынды ағысы мол Іле өзеніне көріп салынғанын, елдің алғысына бөленгенін сол жерде 1000 орындық мал бордақылау кешені салынғанын, оны көрген обком басшылары ризашылықтарын білдіріп, ерекше ықылас танытқанын Секең бір тебірене еске алды.

Сапарымыз одан кейін осы іргелі кеңшардың екінші бөлімшесі саналатын Қасқа Өгіз елді мекені болды. Себебі 1965 жылы, яғни осыдан 60 жыл бұрын дарынды басшы әрі абызымыз Димаш Ахметұлы Қонаев тоқтаған шағын ауыл. Сонда қайраткер «бұл менің ата-бабамның қонысы, қауға салып балық аулаған, мерген болып аң аулаған жерін көргім келді» деп ферма меңгерушісі Ұлы Отан соғысының ардагері Исаев Қасымбектің үйінде түскі астан соң далаға шықса, есік алдындағы төбе басында ауыл қариялары жиналыпты. Ерінбей төбе басына шығып, әрқайсысымен қол алысып, сәлем беріп, елдің жағдайын сұраған. Иә, біз қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Өзі де ырым-нанымға берік Серік Әбікенұлы сол жермен қайта жүріп, абызымыз дәм татқан шаңырақтан шәй ішіп, әңгімесін одан әрі сол жылдардағы  жаңалықтармен өрбітті.

– Бұл ауыл шағын болса да өнерді жанына серік еткен жастары көп еді. Ойын-сауық құрғанда жас шамаларына қарамай ауыл клубын шат-шадыман шатыққа бөлеп, қыздырып жіберетін. Өнерлерін сол кездегі Күрті ауданының бірінші хатшысы Ызғарбек Бектұрсынов көріп, ауыл жастарының бойындағы талантқа риза болғанын Секең тағы да әдемі жеткізді. Сол кезде соңына жақсы із қалдырған азаматтың жүзінен ерекше жылылықты байқадым.

Сапарымызды бұдан кейін Д.А.Қонаев атамыздың 113 жасқа келген құрметіне орай Желтораңғы ауылында Д.А.Қонаев атындағы орта мектепке бардық. Мектеп директоры А.Балтабаев, ауыл әкімі Е.Шөбеев, мектеп мұғалімдері қарсы алып, қайраткердің ескерткішінің алдында естелік суретке түсуге өтініш жасады. Ескерткішті Серік Үмбетов Жамбыл облысында әкім болғанда арнайы жасатып орнатқан. Оны мектеп мұғалімдері ұмытпапты. Жамырай келіп рахмет айтып, бір шұрқырасып алды.

Мектепте Димаш атамыздың мұражайы бар. Кірсеңіз, көрсеңіз тіпті қаладағы мұражайдан бір айырмашылығы жоқ. Екі бөлмеге барлық суреттер, өзі тұтынған дүниелері, кітаптары, тағы басқа заттар әдемілігімен, ұқыптылығымен орналастырылыпты. Музей қызметкері Қожамқұлова Серіккүл әр суреттің тарихын, маңызын айтты. Мұражай ішіндегі Д.А.Қонаев бюстін Серік Әбікенұлы өз қаржысына жасатып, «көрімдік» ретінде тапсырған еді. Осының бәрін ұстаздар оқушыларға сабақ ретінде экскурссия жасатып, абыз ата өмірі мен елімізге сіңірген еңбегі жайлы айтып отыратындарын жеткізді.

Алдыңнан артың биік болсын, деген осы шығар. Арада қырық жыл өтсе де ізгілікті із, абыройлы еңбектің өшпейтіндігін байқадық. Жалпы, С.Әбікенұлына Желтораңғы жұртшылығы риза әрі жақсы пейілде екенін байқадық. Тағы да ел игілігіне жұмсалған есте қалатын ісі бар екеніне риза боласың, деді.

Иә, дана халқымыз «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген. Аптал азамат өзінің арман-мақсатына жол ашқан киелі Күртіні жадынан шығармайды. Қатардағы жұмысшы болып еңбек жолын бастаған Тоқаш Бокин кеңшарына, Ақши ауылына жиі атбасын бұрады. «Көшені жаяу аралап шықтым. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсы. Жол асфальтталған, су, жарық, газ бар. Дүкенге кірдім. Бәрі танып, амандасып жатыр. Кешегі бала, бүгінгі білімді азамат. Қуанып қайттым»  деген еді бір хабарласқанда. Тіпті, өткен жылдары Ақшиде Күрті ауданында еңбек еткен, бүгінде зейнеттегі қарияларды, ауыл халқының басын қосып, жақсы бір мәдени шара өткізді. Жиында «Киелі Күрті жері» кітабының тұсауы кесіліп, өнер саңлақтарының концертін де жұрт тамашалады.

Күртіліктер руға, жүзге бөлінбейді, жай ғана «Біз күртіліктерміз» дейді. Және кездесе қалса туғанындай құшақтарын жаяды. Бұл не деген құдірет! Өйткені киелі өңірдің табиғаты қатал болғанымен жері, ауасы жанға жайлы. «Жақсы жерге жатсаң, жақсы түс көресің» деген бекер емес. Тағы бір ерекше айтуға болатыны Дінмұхамед Қонаев «Бұл өлкеден тек батырлар шыққан» дегені тегін емес. Батыр елін, жерін сүйеді, сол үшін қызмет етеді, қандай қиындықтан болсын қаймықпайды. Сынықтан басқаның бәрі жұғады. Күртіліктердің кеңпейілділігі, кісілігі, кішілігі осыдан деп түйдім. Ал Серік Үмбетов замандасымыз екі облысты басқарды, талай жауапты қызметтерде болды. Өз бойындағы биік адами қасиеттерді толықтырды, бірақ жоғалтпады. Мұның өзі жаңағы айтқан өмірлік ұстанымдардан айнымағанынан шығар.

Желтораңғы деген атаудың да мағынасы терең. Тораңғы ағашы жер шарында екі құрлықта ғана өседі екен. Демек, жер таңдайды, су талғайды, ауа талғайды. Демек қасиетті өсімдік. Ауылдың ынтымағы, ырысы бірлігінің бір буыны осы да ма екен?! Олай болса, оның жұртқа тигізген әсері бар болуы, бек мүмкін…

Күмісжан Байжан,

Алматы облысының құрметті азаматы.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments