Алматы облысында тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы жедел әрі тиімді байланысты қамтамасыз ететін «109-Бірыңғай байланыс орталығына» соңғы жылдары келіп түсетін өтініштер саны айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, 2024 жылы орталыққа 14 810 өтініш түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 23 357-ге жеткен. Ал 2026 жылдың басынан бері 13 мыңнан астам өтініш қабылданған. Бұл жайында баспасөз мәслихатында «109» бірыңғай байланыс орталығы қызметінің басшысы Ермек Ибрагимов.
Қазірде 109 қызметі 380 орындаушы мекемемен тікелей байланыста жұмыс атқаруда. Олардың қатарында коммуналдық кәсіпорындар, аудандық және қалалық әкімдіктер, мердігер ұйымдар, авариялық қызметтер бар. Бұл жүйе тұрғындардың өтініштерін қысқа мерзім ішінде тиісті органдарға жеткізіп, мәселелерді жедел шешуге ықпал етеді.
109 байланыс орталығы қоғамдық-саяси науқандар кезінде де тұрғындарға ақпараттық қолдау көрсеткен екен.
Орталық жетекшісі Ермек Ибрагимовтың айтуынша, 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум барысында орталық азаматтарға анықтамалық және ақпараттық қызмет көрсеткен. Референдум күні және дайындық кезеңінде 1 534 азамат қоңырау шалып, өздерінің дауыс беру учаскелері туралы ақпарат алған.
Сонымен қатар, облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Жедел басқару орталығы жұмыс істейді. Орталық тәулік бойы бейнебақылау жүйелері арқылы мониторинг жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын жүзеге асырады. Бүгінде облыс бойынша 10 578 бейнебақылау камерасы орнатылған.
«Бейнебақылау жүйелері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауда тиімді құралға айналды. 2024 жылы аталған салада 752 құқық бұзушылық тіркеліп, 1 312 әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы сомасы 7,4 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды. Ал 2025 жылы 1 474 құқық бұзушылық анықталып, айыппұл көлемі 11,8 миллион теңгеден асты. 2026 жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, 1 177 құқық бұзушылық тіркелді»,-деді спикер өз сөзінде.
Айта кетейік, тұрғындар өз өтініштерін 109 қысқа нөмірі, WhatsApp желісіндегі 8 771 710 91 09 нөмірі, «Көмек 109» мобильді қосымшасы, Telegram-дағы Konaev109bot боты және Instagram әлеуметтік желісіндегі almobl109 парақшасы арқылы жолдай алады.



