Среда, 20 мая, 2026
Басты бетЖаңалықтарАлматы облысындағы «Кәусар» орталығында жылына 1,5 мыңнан астам адам ем алады

Алматы облысындағы «Кәусар» орталығында жылына 1,5 мыңнан астам адам ем алады

Алматы облыстық «Кәусар» оңалту орталығы — инсульт, инфаркт, ауыр жарақаттар мен күрделі оталардан кейінгі науқастарды қалпына келтіруге бағытталған маңызды медициналық мекеме. Орталық 130 төсектік тәулік бойы жұмыс істейтін стационар ретінде ересектер мен балаларға оңалту көмегін көрсетеді. Қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін ұсынылады.
Орталықта инсульт, бас миы мен жұлын жарақаттары, буын және омыртқа оталары, жүрек-қан тамыр аурулары, сондай-ақ жарақаттардан кейінгі жағдайлар бойынша науқастар оңалтудан өтеді. Балаларға жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты ауруларынан кейінгі қалпына келтіру емі жүргізіледі.
«Пациенттермен көпсалалы мамандар тобы жұмыс істейді. Оның құрамына реабилитологтар, невропатологтар, терапевттер, кардиологтар, емдік дене шынықтыру мамандары, логопедтер және психологтар кіреді. Әр науқасқа жеке оңалту бағдарламасы тағайындалады»,-дейді «Кәусар» оңалту орталығының директоры Бағдагүл Салибекова.
Орталық заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда роботтандырылған жүру жүйелері, тренажерлер, массаж аппараттары, электрофорез, магниттік терапия, ингаляция, жарықпен емдеу, тұз шахталары және басқа да физиотерапиялық құралдар қолданылады.
Оңалту процесі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — стационарда басталатын бастапқы қалпына келтіру. Екінші кезең — арнайы оңалту орталықтарында жүргізілетін негізгі ем (6 айға дейін). Үшінші кезең — ұзақ мерзімді бақылау мен қолдау (3 жылға дейін).
Спикердің айтуынша, орталықта емдеу курсы орта есеппен 14 күнге созылады, қажет болған жағдайда 21 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Бөлімшелер неврологиялық, нейрохирургиялық, кардиохирургиялық, пульмонологиялық және травматологиялық бағыттарға бөлінген.
Жыл сайын 1,5 мыңнан астам пациент ем алады. Соңғы жылдардағы көрсеткіштер: 2023 жылы — 1490, 2024 жылы — 1570, 2025 жылы — 1390, ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында — 524 пациент оңалтудан өткен. Соңғы жылдары кардиохирургиялық және нейрохирургиялық науқастар үлесі 26–28%-ға дейін артқан.
Орталықтың тиімділігі пациенттердің жағдайының айқын жақсаруымен дәлелденеді. Көптеген науқастар бірнеше курс емнен кейін өздігінен қозғалу қабілетін қалпына келтіріп, ауырсынудың 60–70%-ға дейін азайғанын байқаған. Пациенттердің 98%-ы көрсетілген қызмет сапасына қанағаттанған.
Алдағы уақытта орталық балалар бөлімшесін кеңейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту және жаңа мамандарды тарту жұмыстарын жоспарлап отыр.
«Сапалы оңалту — адамның өмір сапасын арттыратын және оны қалыпты өмірге қайта әкелетін маңызды қадам», — дейді орталықтың директоры Бағдагүл Салибекова.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments