Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тарифтер мен тарифтік сметаларды бекітуге қатысты 80 өтінім түскен, оның 56-ы кері қайтарылған. Бұл туралы департамент басшысы Гүлмира Утегенова баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Департамент басшысының айтуынша, биылғы жылдан бастап табиғи монополия субъектілерінің қызметіндегі заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бақылау шаралары күшейтілген. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 9 табиғи монополия субъектісіне тексеру жүргізіліп, оның алтауына нұсқама берілген. Сонымен қатар, комитеттің аумақтық органдары қозғаған әкімшілік істерді талдау нәтижесінде жалпы сомасы 27 млн 766 мың 500 теңге көлемінде 19 айыппұл салынған.
Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – энергетикалық және коммуналдық секторлардағы тозған инфрақұрылымды жаңғырту арқылы апаттылық деңгейін төмендету, коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыру. Осы бағытта департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, табиғи монополия субъектілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
«Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында 2026 жылы Қонаев Су арнасы мекемесінде сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңарту бойынша жалпы құны 1,9 млрд теңгеге жұмыстар атқарылмақ. Ал Жылу орталығы мекемесінде 2,024 млрд теңге сомасына екі ірі жоба іске асырылады. Бұл жобалар негізгі құралдардың тозуын азайтып, реттелетін қызметтердің сапалы әрі уақытылы көрсетілуіне мүмкіндік береді»,-деді спикер өз сөзінде.
Сонымен қатар, 2027 жылға арналған жобаға Алматы облысындағы бірқатар шағын қуатты коммуналдық кәсіпорындар да енгізілген.
Департаментке жыл басынан бері тұрғындардан 479 өтініш келіп түсіп, олардың барлығы қаралған. Сонымен бірге 13 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Коммуналдық қызмет көрсету барысында туындайтын мәселелерді жедел шешу мақсатында әлеуметтік желілер арқылы табиғи монополия субъектілері өкілдерінің қатысуымен ай сайын қоғамдық қабылдаулар өткізіліп келеді.



