Бүгін Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне арналған брифинг өтті.
Қазіргі таңда өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі – жол-көлік оқиғаларының жиілігі. Жол апаттарының негізгі себебі көлік жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын сақтамауы болып қала беруде.
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және апаттылық деңгейін төмендету мақсатында жыл басынан бері облыс полицейлері «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Автобус», «Абайлаңыз, балалар!» және басқа да 16 жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Рейдтер барысында жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзушылықтарды анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде 811 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны, 1299 жүргізуші қарсы бағытқа шыққаны, 3292 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермегені және 22 183 жаяу жүргінші жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркебулан Ахмедов.
Сонымен қатар заманауи цифрлық технологиялар белсенді қолданылуда. Облыстың апаттық қауіпті учаскелерінде және жаяу жүргіншілер өткелдерінде «Қорғау» жүйесіне біріктірілген 325 автоматтандырылған бақылау кешені жұмыс істейді. Аталған жүйе жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген көліктерді, жол ережесін жиі бұзатын және айыппұлдарын төлемеген жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін тіркеу үшін патрульдік полиция көліктеріне орнатылған 21 жылжымалы кешен, оның ішінде жасырын бақылау режиміндегі 11 кешен жұмыс істейді. Сондай-ақ қарсы жолаққа шығу секілді өрескел бұзушылықтарды анықтау мақсатында дрон құрылғылары пайдаланылады

