Алматы облысында азаматтардың тұтынушылық құқықтарын қорғау және тауарлар мен қызметтер нарығында заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Жыл басынан бері өңірде тұрғындардың құқықтық белсенділігі айтарлықтай артты.
Бұл бағыттағы негізгі көрсеткіштер мен атқарылған іс-шаралар барысын Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ермек Әбікенов былайша түсіндірді:
> «Тоғыз айда департаментке 3 990 өтініш түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есеге артық. Шағымдардың басым бөлігі электронды сауда, тұрмыстық, білім беру және коммуналдық қызмет көрсету салаларына қатысты болды. Негізгі мәселелер — сапасыз тауарды қайтару, келісімшарт міндеттемелерінің орындалмауы және кәсіпкерлердің заңды талаптардан бас тартуы. Біздің басты міндетіміз — құқық бұзушылықты тіркеп қана қоймай, азаматтардың бұзылған құқықтарын нақты қалпына келтіру».
>
Уәкілетті орган жүргізген бақылау шараларының нәтижесінде өңірде 161 жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылды. Оның барысында анықталған заңбұзушылықтар негізінде әкімшілік хаттамалар толтырылып, кәсіпкерлерге 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Ауқымды жұмыстардың арқасында тұрғындарға 87 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Қалыптасқан даулы мәселелердің басым бөлігі сот процесіне жеткізілмей, сотқа дейінгі реттеу форматында шешімін тапты. Мұндай тәсіл азаматтардың уақытын үнемдеп, қаржыны жедел қайтаруға толық мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта департамент мамандары бизнес өкілдері арасында заңбұзушылықтардың алдын алу мен тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру шараларын белсенді жүргізуде.



