Педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, күнделікті еңбегі үшін алғыс білдірді. Мемлекет басшысы білімді, жауапты әрі ойлай білетін ұрпақты қалыптастыруда педагогтің айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
Өз сөзінде Президент ұстаз мәртебесін арттыру, білім сапасын көтеру, балаларды тәрбиелеу, педагогтердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу мәселелеріне ерекше тоқталды.
Марапатталған педагогтердің қатарында Алматы облысының өкілдері де бар. Есік қаласындағы дарынды балаларға арналған А. Мәлкеев атындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының география пәнінің мұғалімі Тамара Жеткербайқызы Ещановаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Биыл бұл атақ еліміздің бес педагогіне табысталды. Жоғары мемлекеттік марапатты Тамара Ещановаға Мемлекет басшысы өз қолымен табыстады.
Өңірдің тағы бір өкілі – Кеген ауданындағы «Тасашинская орта мектебі жанындағы мектеп-интернат және мектепке дейінгі білім берудің шағын орталығы» КММ-нің педагогі Гаухар Женісқызы Ауезханова. Көп жылғы адал еңбегі мен білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ол «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Мұндай марапаттар – жекелеген ұстаздардың кәсіби еңбегін мойындау ғана емес. Бұл білім берумен қатар, өскелең ұрпақты тәрбиелеу міндетін абыроймен атқарып жүрген барша педагогтер қауымының күнделікті еңбегіне берілген жоғары баға.
Бүгінде еліміздің білім беру жүйесінде мұғалім мамандығының беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Президент атап өткендей, педагог – жай ғана мамандық емес, балалар мен қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік.
Алматы облысы үшін Тамара Ещанова мен Гаухар Әуезханованың бұл марапаты – өңірдегі білім беру саласының жоғары кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.


