2026 жылдың наурыз–сәуір айлары аралығында Алматы облысында медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Аймақтың 37 дәрігері Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының жетекші клиникалық базаларында тағылымдамадан өтіп, заманауи медицинаның озық тәжірибелерін меңгерді. Бағдарламаны қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлінді.
Оқыту бағдарламасының негізгі мақсаты – дәрігерлердің кәсіби деңгейін көтеру, диагностика, емдеу және оңалту саласындағы заманауи тәсілдерді тәжірибе жүзінде игеру болды. Тағылымдамадан өткен мамандар акушерия-гинекология, неонатология, травматология, эндоскопиялық хирургия, онкология, анестезиология және реаниматология бағыттары бойынша білімдерін жетілдірді.
«Шетелдік клиникаларда дәрігерлер пациенттерді қабылдау, диагноз қою, ем тағайындау, хирургиялық операцияларға қатысу, инвазивті және инвазивті емес процедураларды орындау сияқты тәжірибелік жұмыстарға белсенді қатысты. Сонымен қатар, қабылдау бөлімдері мен жансақтау бөлімшелерінде жұмыс істеп, нақты клиникалық жағдайда тәжірибе жинақтады»,-дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Жунусова.
Тағылымдама қорытындысы бойынша барлық қатысушылар атқарылған жұмыстар туралы толық есеп ұсынып, алған білімдері мен тәжірибелерін өңірдегі медициналық ұйымдардың тәжірибесіне енгізу бойынша ұсыныстарын білдірді.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында мобильді консультативтік топ құрылды. Топ құрамына түрлі медициналық бағыттағы білікті мамандар енгізілді.
Мобильді топтың жұмыс кестесіне Балқаш аудандық орталық ауруханасы, Райымбек аудандық ауруханасы және Кеген аудандық ауруханасы енгізілді. Сонымен қатар, жергілікті медициналық ұйымдарда жауапты мамандар бекітіліп, тұрғындармен байланыс пен іс-шараларды үйлестіру қамтамасыз етіледі.



