Четверг, 22 октября, 2026
Басты бетЖаңалықтарАлматы облысы: Еңбекшіқазақ ауданында жылына шамамен 50 мың тонна алма жиналады

Алматы облысы: Еңбекшіқазақ ауданында жылына шамамен 50 мың тонна алма жиналады

Еңбекшіқазақ ауданы Алматы қаласы мен Алматы облысын азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Ауданда көкөніс, жеміс-жидек және сүт өндіру жолға қойылған. Өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуеті төрт миллион тұтынушысы бар ірі нарықтың қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.
Ауданның ауыл шаруашылығындағы орны егіс алқаптарының көлемінен де көрінеді. Алматы облысындағы суармалы жердің 36 пайызы Еңбекшіқазақ ауданына тиесілі. Облыстағы бұрыш алқаптарының 77 пайызы, қияр алқаптарының 66 пайызы, қызанақ алқаптарының 63 пайызы және алма бақтарының 62 пайызы Еңбекшіқазақ ауданының үлесінде.
Өнім көлемі бойынша да ауданның мүмкіндігі жоғары. Жыл сайын шамамен 60 мың тонна қызанақ жиналады. Бұл Алматы қаласы мен Алматы облысының қажеттілігін шамамен 140 пайызға қамтамасыз етуге жетеді. Аймақта 49 мыңға жуық қияр мен бұрыш жиналған. Бұл өз кезегінде өңірдің бұрыш өніміне деген қажеттілігін 150 пайызға өтеуге ал қиярмен қамтамасыз етуде қажетілікті 90 пайызға өтеуге мүмкіндік береді.
«Ауданда сүт өндірісі де дамып келеді. Жыл сайын 78 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Сүт өндірісіндегі бұл көлем Алматы қаласы мен облысының қажеттілігінің шамамен 45 пайызына тең»,-деді аудан әкімі Рустам Исатаев.
Еңбекшіқазақ ауданының республикадағы алма өндірісіндегі орны ерекше. Қазақстан өз нарығының қажеттілігін отандық алмамен шамамен төрттен үшін қамтамасыз етеді. Ал елімізде жиналатын алманың төрттен біріне жуығы Еңбекшіқазақ ауданының үлесіне тиеді. Мұнда жылына шамамен 50 мың тонна алма жиналады.
Аталған көрсеткіштер Қазақстанда бекітілген, адамның толыққанды тамақтануына қажетті өнім мөлшерін айқындайтын ғылыми негізделген физиологиялық тұтыну нормалары бойынша есептелген. Олар ауданның өндірістік әлеуетін және оның ірі тұтыну нарығын қамтамасыз ету мүмкіндігін көрсетеді.
Сонымен қатар аудан шаруашылықтарының өнімі тек Алматы қаласы мен облысының нарығына ғана бағытталмайды. Ауыл шаруашылығы өнімдері еліміздің өзге өңірлеріне жеткізіліп, өңдеуге жіберіледі және экспортқа шығарылады.
Алдағы кезеңде негізгі міндеттердің бірі — өндіріс көлемін сақтай отырып, суару, сақтау және өңдеу инфрақұрылымын дамыту. Бұл шаруалардың тұрақты табысын арттыруға, өнімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге және Алматы агломерациясын отандық азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments