Алматы облысы Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылында «Этномедиация – келісім аумағы» тақырыбында көшпелі семинар-тренинг өткізілді. Шара Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-нің жылдық жоспары аясында ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты – этносаралық тұрақтылықты нығайту, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, сондай-ақ этномедиация құралдарын пайдалана отырып, жанжалдардың алдын алу мен оларды тиімді шешу жолдарын үйрету.
Іс-шараға Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ басшысының орынбасары Айымжан Танирбергенова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айткүл Медеуова, ҚХА мүшесі, Республикалық Медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Аббозович Пулатов, және практик-психолог, педагогика және психология ғылымдарының магистрі, ҰҚК аға оқытушысы Ақмарал Абдукеева қатысты.
Семинар барысында этномедиация әдістері мен тетіктері таныстырылып, қатысушыларға тәжірибелік тапсырмалар орындатылды. Мамандар этносаралық келісімді нығайтуда медиативтік тәсілдердің тиімділігін атап өтті.