Астана қаласындағы «TANYM» көпфункционалды кешенінде «AQUA LAB: СУ. STEAM. ЖАСЫЛ МЕКТЕП» атты практикалық семинар өтті. Іс-шара барысында оқушылардың су үнемдеу саласындағы зерттеулері мен жобаларына арналған зертхана таныстырылды.
Жобаға Су ресурстары және ирригация министрлігі бастама жасаған. Оны «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ Оқу-ағарту министрлігі және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Жобаға «Chevron» және «Coca-Cola» компаниялары, «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры және «TANYM» көпфункционалды кешені серіктес ретінде қатысуда. Семинарға елорданың 20 тірек мектебі директорының тәрбие жұмысы және бейіндік оқыту жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Зертханада оқушылар зерттеулер мен тәжірибелер жүргізіп, STEAM-жобалар әзірлейді және су үнемдеу саласындағы өз шешімдерін сынақтан өткізеді.
Зертхананың әдістемелік негізі «Су және білім» жобасы аясында әзірленген «Су сандығы» ресурсы болады. Жоба барысында су саласындағы білім беру мен ағарту бағытындағы озық тәжірибелер жинақталды. Жоба Француз даму агенттігінің (AFD), Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) және ЮНИСЕФ-тің қолдауына ие болды.
«Оқушылардың су туралы білім алып қана қоймай, оны іс жүзінде қолдана алуы маңызды. Яғни зерттеу жүргізіп, тәжірибе жасап, өз шешімдерін ұсына білуі керек. «Су сандығы» мен AQUA LAB бірін-бірі толықтырады: ресурс педагогтерге әдістемелік құралдар ұсынса, зертхана оқушылардың практикалық жұмыс жүргізуіне мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.
Семинар қорытындысы бойынша білім беру тәжірибелерін сынақтан өткізуге, сондай-ақ бірлескен зерттеу және экологиялық жобаларды жүзеге асыруға қатысатын елордалық мектептердің пулын жасау жоспарланып отыр.


