Вторник, 18 августа, 2026
Басты бетШекараның шытырмандарыАсусай - қырағы күзетте

Асусай — қырағы күзетте

2 тамыз күні ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының «күретамырын» жіті бақылап отырған жедел кезекшінің телефонына тыным жоқ еді. Əсіресе, аға лейтенант Дарын Əукенов басқаратын «Жамбыл» шекара бөлімшесінен келіп түсіп жатқан ақпараттар ағынында есеп жоқ болатын.

Мемлекеттік шекарадан үш шақырым жердегі Асусай шатқалында 100-аса ірі қара мал иесіз жайылып жүрген көрінеді. Тау ішіне бос жіберілген бірен-саран малға ұқсамайды. Артынша, жедел ақпарат та сарт ете түскен: шекарашылардың күдігін қоюлатқан табын шекара арқылы арғы бетке өткізілуі мүмкін. Қысқасы, ішінде 35 бұзауын қосқанда 168 ірі қара барымташылардың құрбанына айналғалы тұр.

Əрине, шекарашылардың бұған жол бермейтіні белгілі еді. Шатқалдың бойын бақылауға алып, із кесуге кіріскен шекара наряды көп ұзамай кімдерді «кездестірді» дейсіз ғой?! Төрт адам. Құжаттары – олардың Қазақстан азаматтары яғни отандастарымыз екенін айғақтап тұр. Тек, олар мұнда не істеп жүр? Таудың көз арбайтын сұлулығын тамашалау үшін Асусай шатқалына келмегендері айдан анық. Сондықтан, бұл азаматтардың бізге беймəлім суыт жүрістерінің себептері жіті тексеріледі.

Бұл кезде шекара наряды ел шебінің бойында иесіз өз бетімен жайылып жүрген табынның басын тыл жаққа қарай бұрған. Қолайлы сəтті күткен барымташылардың жоспарларының күл-талқанын шығару үшін. Əрі ірі қаралардың құлақтарына ілінген сəйкестендіру нөмірлерінің бізге айтар «сырларының» бары анық. Айтпақшы, шекарадан шұғыл ақпарат жетісімен, атқа қонған басқарманың əкімшілік іс жүргізу тобының бастығы кіші сержант Марлен Кенжебекұлы кейбір сиырлардың құлақтарындағы «сырғаларды» тексеріп кеп жіберсе, бұл жануарлардың бізден мыңдаған шақырым жердегі Абай облысына тиесілі болып шықпасы бар ма?! Бір сөзбен, сұрақтар көп, ал жауап жоқтың қасы.

Есесіне, мал ұрлығының жолын кескен шекара нарядына көмекке жетіп үлгерген арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сайыпқырандары ірі қараларды ғана емес, мемлекеттік шекараның күзетін күшейтуді қолға алған.

Ал осының алдында ғана біз шекараға бес шақырымдай жерде орналасқан шекаралық бақылау постында болып, барлау-із кесу тобының ел шебіндегі тыныс-тіршілігімен танысқан едік. Мемлекеттік шекараға бет алған шекара нарядын сөзге тартып, өздерін суретке түсіргенбіз. Бұл – «Жамбыл» шекара бөлімшесінің бастығы аға лейтенант Дарын Əукенов, кіші сержант Ақылбеков Шержанов жəне қатардағы жауынгер Мирас Аманқожалар болатын.

Сөйтіп, 13 шілде – Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылған күніне орай өткен салтанатты шарада департамент бастығының өз қолынан марапат алған офицердің ұжымы тағы да ерледі. Осыған дейін мемлекеттік шекара бұзған екі жателдікті қолға түсірген жамбылдық шекарашылардың қырағылығы арқасында бұл жолы барымташылардың жолына тосқауыл қойылды.

Иə, шекараның бойы сырт көзге тыныштық құшағында көрінуі мүмкін. Тау ішінің соқпағымен кетіп бара жатқан турист немесе қой жайып жүрген жергілікті тұрғын үшін бұл əдеттегі көрініс. Тек шекарашылар үшін емес. Қауіпті тыныштық. Өйткені, ел шебінің бойында кез келген сəтте ешкім күтпеген оқиға орын алуы мүмкін. Мұны барымташылардан аман қалған 168 ірі қара малға қарап бағамдай беріңіз.

Тамара ДƏУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі

Алматы облысы бойынша департаменті

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments