Суббота, 17 октября, 2026
Басты бетЖаңалықтарАта-ана жауапкершілігі – бала құқығын қорғаудың негізі

Ата-ана жауапкершілігі – бала құқығын қорғаудың негізі

Отбасы – бала тәрбиесінің алтын бесігі, ал ата-ана – оның қауіпсіздігі мен болашағына жауапты басты тұлға. Балалардың құқықтарын қорғау, олардың тәрбиесіне көңіл бөлу және құқықбұзушылықтардың алдын алу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Қазақстан Республикасы Конституциясында отбасы мен бала құқықтарын қорғау нормалары сақталып қана қоймай, оларды нығайтуға, неке институтын дамытуға және ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған ережелерге ерекше мән берілген.
Конституция жобасының 27-бабында неке мен отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болатыны, сондай-ақ балаларға қамқорлық жасау мен оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті екені бекітілген. Бұл қағидаттар баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың, оның қауіпсіз ортада өсуі мен тәрбиеленуінің маңызды негізі болып табылады.
Бала құқықтарын қорғау тек заңнамалық нормаларды бекітумен шектелмейді. Бұл бағытта ата-аналардың өз міндеттерін орындауы, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруы, олардың мінез-құлқы мен қауіпсіздігіне назар аударуы ерекше маңызды. Әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін отбасы мен білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайту қажет.
Осы бағытта жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың аясында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне де баса назар аударылуда.
Жыл басынан ауданымызда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша есепті кезеңде 688 әкімшілік іс-құжат қаралды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 659 істі құраған. Осылайша, қаралған істер саны 29-ға артқан.
Аталған бап бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуына жол берген ата-аналарға қатысты ескерту туралы қаулылар шығарылды. Сонымен қатар балаларға алдағы уақытта мұндай құқықбұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған ата-аналарға қатысты есепті кезеңде 377 әкімшілік іс-құжат қаралды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 376 істі құраған. Салыстырмалы түрде қаралған істер саны бір іске артқан. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша ата-аналарға заңнамада көзделген әкімшілік айыппұл салу шаралары қолданылды.
Бұл көрсеткіштер балаларды тәрбиелеу мәселесіне тұрақты көңіл бөлудің, ата-аналарға заң талаптарын түсіндірудің және құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығын көрсетеді.
Балаларды қорғау тек дағдарыс жағдайларында әрекет етумен шектелмейді. Ол әлеуметтік қолдауды, денсаулық сақтау мен білім алуға қолжетімділікті, қауіпсіздікті және баланың отбасында өмір сүру құқығын қамтамасыз етуді де қамтиды. Осы тұрғыда отбасы мен ата-ананың жауапты қамқорлығы баланың әл-ауқатының негізгі тірегі болып саналады.
Сондықтан ата-ананың жауапкершілігі тек әкімшілік жазаға тартылудан қорқумен өлшенбеуі тиіс. Ең бастысы – баланың өміріне белсенді араласу, оның ортасын білу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіп пен адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру. Баламен ашық сөйлесу, оның мәселелеріне құлақ асу және бос уақытын тиімді ұйымдастыру құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, Конституция жобасында көзделген отбасы мен бала құқығын қорғау қағидаттары әрбір ата-ананың күнделікті өмірдегі жауапкершілігімен ұштасуы қажет. Мемлекет баланың құқықтарын қорғауға құқықтық негіз қалыптастырса, ата-ана сол құқықтардың отбасында сақталуына тікелей жауап береді. Отбасы, мектеп және қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана балалардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағына берік негіз қаланады.

Ішкі саясат бөлімінің басшы А.Медеуова

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments