Среда, 19 августа, 2026
Басты бетЖаңалықтарАуыл инфрақұрылымын жаңартуға басымдық береді

Ауыл инфрақұрылымын жаңартуға басымдық береді

Жамбыл ауданының Аққайнар ауылында тұрғындармен кездесу өтіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Кездесуде ауылдағы жолдардың жай-күйі, ауызсумен қамту, электр желілерінің тұрақтылығы, интернет сапасы және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі жөнінде ұсыныстар айтылды.

Партияның сайлауалды бағдарламасында ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше мән берілген. Атап айтқанда, 3 500 тірек және серіктес ауылды дамыту, 2030 жылға қарай оларды мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктердің толық жиынтығымен қамтамасыз ету ұсынылған.

Бағдарламада ауыл тұрғындарының 97 пайызын интернетпен қамту, сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың нормативтік талаптарға сай үлесін 86 пайыздан 95 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл ауыл тұрғындарының мектеп, медициналық ұйымдар, сауда орындары мен аудан орталығына қатынауын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ауызсу жүйелерін жаңғырту, ескірген желілер мен жабдықтарды ауыстыру, ауылдарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету бағыттарына басымдық берілмек.

Кездесу барысында Аққайнар ауылының тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Ауыл халқы үшін сапалы инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың қолжетімді болуы елді мекеннің тұрақты дамуының маңызды факторы екені атап өтілді.

Ауылдың жағдайын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және елді мекендердің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын табады.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments