Кең таралған пайдалы қазбаларды ашық тәсілмен өндіру кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің және жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты шарты.
Құм, саз, қиыршық тас, әктас және басқа да құрылыс материалдарын өндіру барысында карьерлерде экскаваторлар, бульдозерлер, бұрғылау қондырғылары мен ауыр техника қолданылады. Мұндай жұмыстар жоғары өндірістік тәуекелдермен байланысты болғандықтан, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге, өндірістік бақылауды ұйымдастыруға, техникалық жабдықтардың жарамдылығын қамтамасыз етуге және авариялардың алдын алуға міндетті»,-дейді Алматы облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының бөлімінің бас маманы Ернар Рустемов.
Карьерлерде жиі кездесетін қауіптердің қатарына кемерлер мен борттардың опырылуы, тау жыныстарының құлауы, арнайы техниканың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары, шаң мен шудың әсері, электр тогымен зақымдану және өндірістік жарақаттар жатады.
Жұмысқа тек медициналық тексеруден өткен, қауіпсіздік талаптары бойынша оқытылған және тиісті біліктілігі бар қызметкерлер ғана жіберіледі. Сонымен қатар барлық жұмыскерлер қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс.
Кәсіпорындар өндірістік бақылауды тұрақты жүргізіп, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуі, авариялық жағдайларда әрекет етуге дайын болуы қажет.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау – заңнама талабы ғана емес, адам өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды жауапкершілік.
Ашық тәсілмен кен өндіру кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау
RELATED ARTICLES



