Спорт – денсаулық кепілі. Иə, шынықсаң шымыр боласың деген сөздің де өзіндік бір дəлелі бар. Өйткені, шынығып, еңбек етіп, тер төкпеген кез келген спортшы дегеніне жете алмай, биіктерді бағындыра алмасы анық. Діттеген мақсатқа жетіп, өзінің мықтылығын дəлелдеу үшін спортшылар жатпай-тұрмай еңбектенетінін жақсы білеміз. Ол үшін əуелі сабырлық пен күш-жігер керегі ақиқат. Сонда ғана ол жеңіс шыңынан көрініп, елінің абыройын асқақтатар сəтке ие болады. Сондай жанның бірі аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің каратэ бөлімінің оқушысы Дамира Бақыт.
Дамира Бақыт жуырда елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен киокушинкайкаратэ спорт түрінен Азия ойындарының біріншілігінде бақ сынады. Бұл бəсекелі додаға Азияның 12 елінен 300-ге тарта жас спортшы қатысып, өзара сайысқа түсті. Сол 300 спортшының ішінен жерлесіміз Дамира үздік үштіктің қатарынан көрініп, жүлделі үшінші орынға ие болып, Азия ойындарының қола медаль иегері атанды.
Жас спортшымыздың бұл көрсеткіші біздің аудан үшін мақтауға тұрарлық іс болды деп айтсақ артық етпес. Дамираның осындай жетістікке жетуіне жаттықтырушысы Ғ.Шүкіровтың сіңірген еңбегі зор деп білеміз.
Ал, Дамира қарындасымызға алдағы намысты додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің көк туын əлемдік бəсекелерде желбірете бер деген тілек білдіргіміз келеді.
Е.ЖАҚЫПБЕК.