Биылғы жылдың басынан бері Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының «Қастек», «Жамбыл» шекара бөлімшелерінің шекарашыларына барымташылармен бетпе-бет кездесуге тура келген. Алайда, «Ұрының арты қуыс» демекші, шекара нарядын көре салып, іздерін суытуға тырысқан қаскөйлер тіпті арттарында қалып бара жатқан «байлықтарына» бастарын бұрып қарауға да шамалары келмеген.
Əсіресе «Қастек» шекара бөлімшесінің аумағында алдымен 40-қа жуық жылқыны шекара асырмақшы болғандардың жолы кесілген. Бұл – наурыз айының орта шенінде болған оқиға. Ал тамыз айының басында алдын ала келіп күскен ақпаратқа сай, жедел қимылдаған шекарашылар Жылысай сайында иесіз жайылып жүрген 22 жылқының барымташылардың құрығынан құтқарып үлгерді.
18 тамыз – Шекара қызметінің құрылғанына 34 жыл толуына орай, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының қазақ-қырғыз шекарасының бойында орналасқан шекара бөлімшелері өнерпаздарды құшақ жая қарсы алды. Солардың бірі, капитан Дəулет Өскенбаев басқаратын «Қастек» шекара бөлімшесі. Шекарашылар үшін осынау аса маңызды сəтті назардан қағыс қалдырмау үшін шекара басқармасының тəрбиелік, идеологиялық жəне кадр жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Т.Табылдиевпен бірге бөлімшенің қақпасынан ішке ендік.
Су жаңа модульді кешен. Қайда қарасаң да темірдей қатаң тəртіп пен тазалық салтанат құрған. Осының өзі-ақ, бөлімшеде өзіне жүктелген міндетке асқан жауапкершілікпен қарайтын шекарашылар қызмет атқаратынын паш етіп тұр еді. Біз бас тəлімгер Талғат Асқарұлымен бірге ұжымның тыныс-тіршілігімен танысқан соң мерекелік шара басталғанға дейін шекараға барып қайтуға тілек білдірдік.
Офицер қарсы болған жоқ. Осы жолдардың авторы енген шекара нарядын ел шебіне бөлімше бастығының орынбасары аға лейтенант Елнар Болатжанұлы бастап баратын болды. Лайықты бағасын беру керек, ҰҚК Шекара академиясын 2023 жылы бітіріп, осында жіберілген жас офицер санаулы уақыттың ішінде өзін бастамашыл, тəрбие жұмыстарына қатысты талқыланып отырған тақырыптың тамырын тап басатындардың қатарынан екенін көрсетіп үлгерді. Шекарашылардың білім ұстаханасында көңілді тапқыштар командасында болған ол əзіл əңгімеге де өте жүйрік. Əр мысалы «өмір бар жерде юмор бар» екенін дəлелдеп тұрады. Дəлелдегені сол, осыған дейін департамент аясында өткен əзілкештер сайысында Елнар дайындап əкелген команда топ жарып, жүлдегер атанғаны əлі естен шыға қойған жоқ.
Енді міне, сол офицермен бірге ел шебіндегі ең қиын аумақ саналатын Сарыжазықты бетке алып барамыз. Офицердің айтуынша, барымташылар шекара бөлімшесінен 12 шақырым жердегі осы Сарыжазық арқылы өтетін көрінеді. Осыны жақсы білетін шекарашылар əсіресе осы маңайды өздерінің жіті бақылауында ұстайды. Барымташылар демекші, қастектік шекарашылар сəуір айында 9 бас жылқыны шекара арқылы көрші елдің аумағына жасырын өткізбек болғандардың жолын кескен болатын. Кейіннен белгілі болғандай, қаскөйлердің құрбанына айнала жаздаған жылқылар Жамбыл облысының Қордай ауданында тұратын бір тұрғынға тиесілі болып шықты. Өкінішке қарай, шекарашылармен бетпе-бет келетін барымташылардың ішінен біздің отандастарымыз да кездесіп қалады екен.
– «Биыл біз көрші қырғыз елінің аумағына жылқы ұрлап өткізбекші болған екі азаматты Қордай жақтан ұстадық. Тағы шекара режимін бұзған онға тарта қазақстандық азамат əкімшілік жазаға тартылды», – дейді аға нарядшы, аға лейтенант Е.Болатжанұлы.
Шекараның бойы тыныштықтың құшағында. Тек мұның алдамшы екенін білетін шекарашылар төңіректі жіті бақылауға кіріскен. Осыған қарап-ақ, шекара нарядының құрамына енген келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгері Темірлан Қанағат жəне мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Руслан Əбділұлының əр қимылынан сақтық пен сергектік байқалады. Олар үшін шекарадағы тыныштық – босаңсуға себеп емес, керісінше, қырағылықты еселей түседі.
Шекара бөлімшесіне осындай оймен оралдық. Ал мұнда бізді «Сұраншы батыр» ауылдық мəдениет үйінің өнерпаздары əдемі əн-күймен қарсы алып, мерекенің көркін кіргізді.
Тамара ДƏУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаменті.


