Бір сәт ойланып көріңізші. Сіз тұратын ауылда балалар алаңы жоқ делік. Жастар бос уақытын өткізетін орын таппайды, тұрғындар бұл мәселені талай жылдан бері айтып келеді. Бірі әлеуметтік желіге жазады, екіншісі таныстарына шағымданады, үшіншісі «осы мәселені біреу қолға алса ғой» деп қоя салады. Ал шындығында, мұндай мәселені көтеріп қана қоймай, шешілуіне өзіңіз де ықпал ете алатыныңыз ойыңызға келе ме? Көп жағдайда келе бермейді. Өйткені біз қоғамдық мәселелердің шешімін көбіне өзімізден жоғары тұрған біреулер шешіп береді дегенге үйреніп қалғанбыз.
Мемлекетті басқаруға қатысу дегенде бірден депутат немесе министр болуды елестетудің қажеті жоқ. Бұл – әлдеқайда кең ұғым. Өз ауылыңдағы мәселені көтеру, қоғамдық тыңдауға қатысу, сайлаған депутатыңа ұсыныс айту, мемлекеттік органға өтініш жолдау – мұның бәрі азаматтың ел өміріне араласуының нақты жолдары. Яғни мемлекет ісіне қатысу күнделікті тіршіліктен алыс тұрған күрделі саяси ұғым емес. Ол әр адамның өз ортасындағы мәселеге бейжай қарамауынан басталады.
Жаңа Конституцияның 4-бабында Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі екені жазылған. Мұны қарапайым тілмен түсіндірсек, елдегі биліктің түпкі иесі – халық. Ал мемлекеттік органдар сол билікті Конституция мен заңда белгіленген өкілеттік шегінде жүзеге асырады. Бұған қоса, 35-бапта азаматтардың мемлекет ісін тікелей және өз өкілдері арқылы басқаруға, мемлекеттік органдарға жеке және ұжымдық өтініш жолдауға құқығы бекітілген. Демек, азаматтың қоғам өміріне араласуы жай ғана мүмкіндік емес, Конституциямен қорғалған құқық.
Бұл құқықты жүзеге асырудың ең таныс жолы – сайлау. Дауыс беру арқылы біз елді немесе жергілікті аумақты басқаруға қатысатын өкілдерге сенім білдіреміз. Алайда сайлау аяқталған соң азаматтың қоғамдық өмірдегі рөлі де бітпейді. Мәселен, мәслихат депутаты өзі сайланған аумақтағы тұрғындардың мүддесін білдіреді. Мәслихат жергілікті бюджетті, аумақты дамыту бағдарламаларын қарайды, олардың орындалуын бақылайды. Сондықтан ауылға қандай нысан салынатыны, жолдың қай бөлігі жөнделетіні немесе әлеуметтік нысандарға қандай қажеттілік бар екені талқыланғанда тұрғындардың пікірі де ескерілуі керек.
Осы тұста әрқайсымыз өзімізге бір сұрақ қойып көргеніміз жөн. Сайлаған депутатымыздың кім екенін, қандай мәселелерді көтеріп жүргенін білеміз бе? Есеп беру кездесулеріне қатысамыз ба? Депутатпен байланыс орнатып, ауылымыздағы түйткілдерді жеткізіп көрдік пе? Мұның мақсаты біреуді мін тағу немесе сынау емес. Халық пен оның өкілі арасындағы байланысты үзбеу маңызды. Өйткені тұрғындардың сұранысын білмеген өкіл олардың мүддесін толық жеткізе алмайды.
Азаматтың ықпал ету жолы тек сайлаумен шектелмейді. Мәселен, бір көшеге жарық орнату, жолды жөндеу немесе балаларға арналған үйірме ашу қажет делік. Мұндай ұсынысты тиісті мемлекеттік органға жеке өтініш ретінде де, бірнеше тұрғын бірігіп ұжымдық өтініш түрінде де жолдауға болады. Бүгінде оны электронды түрде жіберу мүмкіндігі бар. Ең бастысы – мәселені жай әңгіме немесе әлеуметтік желідегі жазба деңгейінде қалдырмай, нақты ұсыныс ретінде жеткізу. Өтініш тек шағымдану үшін жазылмайды. Азамат өзіне қажет қызметті сұрап қана қоймай, елді мекеннің жағдайын жақсартуға қатысты бастамасын да ұсына алады.
Тағы бір маңызды тетік – қоғамдық тыңдаулар. Атауы ресми болғанымен, мәні қарапайым. Белгілі бір шешім қабылданар алдында сол мәселеге қатысы бар тұрғындардың пікірін білу. Мысалы, ауылдың бас жоспарына өзгеріс енгізілсе, жаңа құрылыс қай жерге салынатыны, саябақтың сақталуы немесе жолдың бағыты сияқты мәселелер тұрғындардың күнделікті өміріне әсер етеді. Сондықтан олардың талқылауға қатысып, сұрақ қойып, ұсыныс айтуы орынды. Өйткені дайын шешімге кейін наразылық білдіргеннен гөрі, оны әзірлеу кезінде өз пікіріңді жеткізген әлдеқайда тиімді.
Әрине, қоғамдық тыңдауда айтылған ұсыныстың бәрі бірден қабылдана бермейді. Кейбір бастамаға қаржы жетіспеуі, заңдық шектеулер кедергі болуы немесе қосымша зерттеу қажет болуы мүмкін. Бірақ тұрғындарға шешімнің не себепті қабылданғаны не қабылданбағаны түсіндіріліп, нақты жауап берілуі керек. Қоғамдық диалог дегеніміз – азаматтардың пікір айтуы ғана емес, жауапты органдардың сол пікірге құлақ асып, негізге сай жауап қайтаруы.
Жаңа Конституцияда Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы да халық мүддесін мемлекеттік деңгейде білдіретін тетіктердің бірі ретінде қарастырылған. Ол – халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Кеңеске Құрылтайға заң жобаларын енгізу және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру құқығы берілген. Бұл қоғамдағы түрлі пікірлер мен ұсыныстардың жоғары деңгейде қаралуына жол ашады. Дегенмен мұндай институттар азаматтардың күнделікті белсенділігін алмастырмайды. Қоғамдық пікірдің қалыптасуы ең алдымен адамдардың өз ортасындағы мәселелерге араласуынан басталады.
Мұғалім мектептегі білім сапасына қатысты ұсыныс айта алады, кәсіпкер ауылдағы жұмыс орындарын көбейтуге бастама көтереді, зейнеткер өзі тұратын көшенің мәселесін көршілерімен бірге көтере алады, ал жастар спорттық немесе мәдени жобаларды қолға алуы мүмкін. Мұндай әрекеттердің әрқайсысы үлкен саяси оқиға болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ елді мекеннің дамуына қажет өзгерістер көбіне осындай нақты ұсыныстардан басталады.
Сонымен бірге азаматтық белсенділікті мемлекеттік органдардың міндетін халыққа жүктеу деп түсінбеу керек. Жол салу, мектеп жөндеу, бюджет қаржысын бөлу сияқты жұмыстарға жауапты мекемелер бар және олар өз міндетін орындауға тиіс. Ал тұрғындардың қатысуы сол жұмыстардың нақты қажеттілікке сай жүргізілуіне, шешімдердің ашық талқылануына және қоғамдық бақылаудың күшеюіне ықпал етеді. Азамат біреудің орнына жұмыс істемейді, бірақ өзіне қатысты шешімдердің қалай қабылданып жатқанына бейжай қарамауға құқылы.
Мемлекет дегеніміз – тек астана мен мемлекеттік мекемелер емес. Ол – біз тұратын ауыл, балаларымыз оқитын мектеп, күн сайын жүретін жол, ортақ пайдаланатын қоғамдық орын. Олардың жағдайына алаңдау, кемшілігін айту, жақсартуға ұсыныс білдіру – азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі ғана емес, өзінің конституциялық құқығын пайдалануы да.
Халық биліктің бастауы деген сөз Конституцияда жазылған әдемі тұжырым күйінде қалмауы керек. Оның мәні азаматтың күнделікті өмірде өз үнін жеткізіп, қоғамдық шешімдерге ықпал ете алуынан көрінеді. Ол үшін міндетті түрде үлкен лауазым иесі болу шарт емес. Өз ауылыңдағы бір мәселені көтеру, сайлаған өкіліңмен байланыста болу, қоғамдық талқылауға қатысу – соның өзі мемлекетті басқаруға араласудың нақты көрінісі. Өйткені азамат елдің сыртындағы бақылаушы емес, оның бүгінгі тіршілігі мен ертеңгі бағытына ықпал ете алатын толыққанды қатысушы.
Жұмахан Байғазықызы. Газеттің тілшісі


