Өткенге көз жүгіртсек, Беріктас ауылы 1930 жылы колхоз ретінде құрылған. Ауылдың «Беріктас» аталуы оның айналасындағы Берікқара тауына байланысты қойылған. Жергілікті халық тастардың беріктігіне қарап, жаугершілік заманда бұл тауды осылай атаған деседі.
Кейін экономикалық тұрақсыздыққа байланысты елді мекен алдымен 1932 жылы Ұзынағаштағы «Путь к социализму» колхозына, кейіннен Дегерес жылқы зауытына қосылған. Тек 1971 жылдан бастап қана «Беріктас» қой совхозы болып қайта құрылды.
Ауылдың шығыс жағында қалмақтармен шайқаста ерлігімен танылып, «Бас батыр» атанған Наурызбай батырдың кесенесі орналасқан. Ал ауылдың солтүстік-батысында осы өңірге тәуіптігімен, көріпкелдігімен және даналығымен танылған Төлес руынан шыққан Әжібай атаның мазары бар. Бұл қасиетті орындарға бас сұқпай өтетін жолаушы кемде-кем.
Ауыл орталығындағы саябақта Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатылған. Онда соғысқа қатысып, кейін ауылға оралып өмірден өткен ардагерлердің есімдері тасқа қашалып жазылған. Сонымен қатар мектеп ішінде Ауған соғысы ардагерлеріне арналған бұрыш және «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, ерлікпен қаза тапқан Серік Әшімовке арнайы құрмет бұрышы ашылған.
Қазіргі таңда бұл білім ордасы заман талабына сай жаңартылған, мектеп мұғалімдері жас ұрпақты тәрбиелеуде аянбай еңбек етуде. Сондай-ақ ауылда жаңадан ұстаздар аллеясы ашылып, онда сәндік ағаш көшеттері отырғызылған.
Беріктас ауылы – еңбек адамдарының мекені. Бұл жерден Социалистік Еңбек Ері, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегерлері атанған озат шопандар, механизаторлар мен комбайншылар шыққан. Сонымен қатар ауылдан түрлі басшылық қызметтерде еңбек еткен азаматтар мен мектеп басшылары да тәрбиеленіп шыққан.
Ежелден бауырмалдық пен туыстық қатынас берік қалыптасқан бұл ауылда төрт атадан тараған ұрпақтар тату-тәтті өмір сүруде. Ақсақалдары батагөй, ал үлкен-кіші бір-бірімен сыйластықта, ынтымақта ғұмыр кешіп келеді. Жастары да өнерлі, кішіпейіл, тәрбиелі.
Ауыл әкімі Молдағалықова Сандуғаш Талдыбекқызы өз білімін, іскерлік қабілетін ауылдың өркендеуіне арнап отыр.
Беріктас ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де оң нәтиже көрсетуде. Жүйелі жоспарланған жұмыстардың арқасында барлық негізгі салаларда тұрақты даму байқалады. Округ бойынша халық саны – 2566 адам, түтін саны – 410. Жұмыспен қамтылғандар – 1219, жұмыссыздар – 37 адам. Зейнеткерлер саны – 491, көпбалалы отбасылар – 56, «Алтын алқа» иегерлері – 23, «Күміс алқа» иегерлері – 25, мүгедектер – 51 адам.
Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – мал және егін шаруашылығы. Округте 141 шаруа қожалығы тіркелген, оның ішінде 18-і егін шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкерлер саны – 30, ауылда 5 дүкен жұмыс істейді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2 кәсіпкер мен 2 кооператив несие алған.
Ауыл шаруашылығы саласында 600 гектарға күздік бидай, 2500 гектарға жаздық арпа, 1400 гектарға мақсары егілген. Мал шаруашылығы бойынша мүйізді ірі қара – 3690, ұсақ мал – 49 305, жылқы – 1194, түйе – 90, құс – 1650 бас тіркелген.
Ветеринарлық пункт мамандары жоспарға сай профилактикалық және диагностикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде. Эпизоотиялық жағдай тұрақты, қауіпті аурулар тіркелмеген, мал шығыны жоқ. Қаңғыбас иттер аулау жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген.
Салық түсімдері бойынша 2025 жылы бюджет кірісі 14 671 мың теңгені құрады. Халықты жұмыспен қамту бағытында 75 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 1 адам жаңа жұмыс орнына қабылданған. 3 адам жастар тәжірибесінен өтіп, 4 адам қысқа мерзімді оқуға жіберілген.
Сонымен қатар 2 жас маманға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие берілген. «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасымен 1 адам, «Күміс жас» жобасымен 2 адам, қоғамдық жұмыстармен 15 адам қамтылған. Бір реттік әлеуметтік көмекті 75 адам алған, ал 20 отбасына 1 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген.
Білім саласына тоқталсақ, Беріктас орта мектебінде 314 оқушы білім алуда. Мұғалімдер саны – 41, оның 40-ы жоғары білімді, 1-еуі арнаулы орта білімді. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 9 спорттық, 10 шығармашылық және 12 пәндік үйірме жұмыс істейді. Барлық үйірмелерге оқушылар тегін қатысады.
Ауылдағы «Балбөбек» бөбекжайында 16 педагог және 21 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 13 педагог жоғары білімді, 2-еуі арнаулы орта білімді. Балабақшада 6 топ бар. Материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Педагогтар түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп келеді.
Денсаулық сақтау саласында 1 дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Мұнда күндізгі стационар және қажетті емдеу бөлмелері бар. Қызметкерлер саны – 8. Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцинация жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Диспансерлік есептегі науқастар уақтылы ем қабылдайды.
Ауылдық мәдениет үйі екі қабатты ғимаратта орналасқан. Мұнда 250 орындық көрермен залы, фойе және «AMANAT» партиясының бастауыш ұйымы кабинеті бар. «Әсем әуен», «Шежіре», «Балауса» сияқты үйірмелер жұмыс істейді.
Сонымен қатар «Artsport» бағдарламасы аясында домбыра, қолөнер, оригами, көркем сөз, шешендік өнер, тігін-тоқыма бағытындағы үйірмелер тұрақты қызмет атқарады.
Кітапханада 2 қызметкер еңбек етеді. Кітап қоры – 10 195 дана, оның ішінде 4786-сы қазақ тілінде. Оқырман саны – 997 адам.
Ауыл толықтай ауыз сумен қамтамасыз етілген: 327 түтін орталық су жүйесіне қосылған, су тәулік бойы үздіксіз беріледі.
Соңғы бес жылда округте бірқатар оң өзгерістер орын алды. Аудандық маңызы бар жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп, асфальт төселді. «Бақытты болашақ» саябағы ашылып, 70 сотық жер заңдастырылды.
Сонымен қатар 2192 гектар жайылымдық жер, 17 көше, балалар ойын алаңы, төтенше жағдайлар бекеті және зиратқа арналған 3 гектар жер рәсімделді. Бұл ауыл толық газдандырылған.
Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көктемгі тазалық жұмыстары жүргізіліп, 800-ден астам ағаш отырғызылып, қалдықтар арнайы орындарға шығарылған екен.
Жалпы, берекелі Беріктас ауылы жылдан-жылға көркейіп, дамудың даңғыл жолына түсіп келеді.
Тұрсынжан ТОҚТАСЫН



