Среда, 17 июня, 2026
Басты бетЖаңалықтарБЕРІКТАСТА ІРІ АГРОЖОБА ІСКЕ АСУДА

БЕРІКТАСТА ІРІ АГРОЖОБА ІСКЕ АСУДА

 

Жамбыл ауданының Беріктас ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Биыл ғана жұмысын бастаған «Green Farm» шаруа қожалығы суармалы егіншілікті дамыту мақсатында ауқымды жұмыстарға кірісті.

Қазіргі таңда шаруашылық 370 гектар жерге тамшылатып суару жүйесін орнату жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар егіс алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін 15-20 артезиандық ұңғыма құдық қазу жоспарланған. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда өңірде заманауи агротехнологияларды енгізуге және жер ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Осы мақсатта аудан әкімінің орынбасары Азамат Сұлтанов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аян Нұрпейісов шаруашылық басшыларымен арнайы кездесіп, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Кездесу барысында шаруа қожалығының құжаттарын заң талаптарына сәйкестендіру, егістік алқаптарына электр желісін тарту, мемлекеттік қолдау шаралары аясында субсидия алуға өтінім беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын заңды түрде тіркеу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Шаруашылық өкілдері өз кезегінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы баяндап, жобаны толық қуатында іске қосу арқылы өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға үлес қосуды көздейтіндерін жеткізді.

Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканың дамуына оң әсер етеді. Алдағы уақытта «Green Farm» шаруа қожалығының өндірістік қуатын кезең-кезеңімен ұлғайтып, заманауи суару технологиялары арқылы жоғары өнім алуды мақсат етіп отыр.

Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен суармалы жер көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments