Вторник, 7 мая, 2024

Біз біргеміз

30 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізген болатын. Аталған жиында Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмағанын атап  айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыс әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.
Мемлекет су тасқынынан зардап шеккен адамдарды қиын жағдайда қалдырмайтыны анық.  Қарғын судан шығынға ұшыраған өңір тұрғындарына Үкіметтен көмек беріледі. Бұл мақсатқа «Қазақстан халқына» қорының қаржысы да пайдаланылады. Тасқынның салдарын жою жөніндегі Республикалық штабтың отырсында Президент осындай тапсырма берді. Мемлекет басшысы апаттан зардап шеккен аймақтарға барынша қолдау көрсету ортақ міндет екенін айтып, бизнес өкілдерін де қол ұшын созуға шақырды. Кейінгі 30 жылда елімізде мұндай тасқын болған емес. Ауқымы мен зардабы жағынан 2012 және 2017 жылдардағы қызыл судан асып кетті. Құзырлы органдардың қамсыздығы мен салғырттығы жағдайды ушықтырып жіберді. Басшылардың себеппен емес, салдармен күресуі де үйреншікті жағдайға айналған.

Еліміз жазда өрттен, көктемде судан зардап шегіп келеді. Өкінішке орай, елімізде су ресурстары мен ирригация салалары бойынша білікті мамандар жоқтың қасы. Бұл да салғырттықтың бір себебі деп ойлаймын. Президент бұл ретте Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасын қайта қарап, төтенше жағдайдың алдын алу мен  болжаудың ақпараттық жүйесін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын сумен қалай күресетінін мұқият зерттеу қажеттілігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін, — деді.
Осы орайда Жамбыл ауданында арнайы гуманитарлық көмек қабылдауға арналған  пункт жұмыс істеп жатқанын айта кеткен жөн. Көмек қолын созғыңыз келсе,  аудандық мәдениет үйіне келіп, толық ақпаратты біле аласыздар.
 Иә, табиғаттан апаттан аман қалған тұрғындар үшін мемлекет тарапынан әртүрлі көмек түрлері берілетін болады. Бұған Үкімет жауапты. Тапсырма бойынша жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімдері тиянақты жұмыс атқарады деп сенеміз.
RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments