Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте газ толтыру станцияларының, газ толтыру пункттерінің, автогаз құю станцияларының және сұйытылған мұнай газын сақтауға арналған қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар иелерінің тізілімін жүргізу қағидалары туралы айтылды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының газбен жабдықтау жүйелері объектілері, қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар және магистральдық құбыржолдар бойынша мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Арман Сағымбетов тізілімді жүргізу сұйытылған мұнай газы айналымын мемлекеттік реттеудің маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, тізілім Қазақстан Республикасы «Газ және газмен жабдықтау туралы» Заңына сәйкес жүргізіледі және газ толтыру станциялары, газ толтыру пункттері, автогаз құю станциялары мен өнеркәсіптік тұтынушылар туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік ақпараттық деректер базасы болып табылады.
«Тізілімнің негізгі мақсаты – объектілерді мемлекеттік есепке алу, қауіпті техникалық құрылғыларды бақылау, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын тиімді қалыптастыру. Бұл қауіпті өндірістік объектілердің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Арман Сағымбетов.
Брифинг барысында газ инфрақұрылымы объектілерінің қызметіне де тоқталды. Атап айтқанда, газ толтыру станциялары сұйытылған мұнай газын қабылдау, сақтау және тарату жұмыстарын жүзеге асырып, тұрмыстық газ баллондарын толтырады. Ал газ толтыру пункттері газды сақтауға және тұрмыстық газ баллондарын толтыруға арналған. Өз кезегінде автогаз құю станциялары тек газ-баллон жабдығымен жабдықталған автокөліктерге жанармай құю үшін пайдаланылады.
Спикер автогаз құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарын толтыруға заңнамаға сәйкес қатаң тыйым салынғанын ерекше атап өтті.
«Тұрмыстық газ баллондарын тек газ толтыру станцияларында немесе газ толтыру пункттерінде ғана толтыру қажет. Себебі бұл объектілерде қауіпсіз толтыруға арналған арнайы технологиялық желілер мен бақылау жүйелері қарастырылған. Қауіпсіздік талаптарын сақтау – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі», – деді бөлім басшысы.
Брифинг соңында кәсіпкерлік субъектілеріне объектілерді уақытылы тізілімге енгізу, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау және қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң орындау қажеттігі ескертілді.
Газ саласындағы нысандардың мемлекеттік тізілімі: негізгі талаптар мен тәртіп
RELATED ARTICLES


