Понедельник, 12 октября, 2026
Басты бетAtamekenДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ – ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ – ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

Денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылық, ал халықтың денсаулығын сақтау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Қоғамның әл-ауқаты мен елдің тұрақты дамуы тікелей азаматтардың денсаулығына байланысты. Сондықтан медицинаның дамуы, медициналық қызмет сапасын арттыру және аурулардың алдын алу – бүгінгі күннің өзекті мәселелері.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы әрбір азаматтың денсаулығын қорғау құқығын бекітеді. 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданғаннан кейін, денсаулықты қорғау саласындағы әлеуметтік кепілдіктердің сақталатынын және нығайтылатынын мәлімдейді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес:

  • азаматтардың денсаулығын қорғауға құқығы бар;

  • азаматтардың заңда белгіленген, оларға тегін көрсетілетін медициналық көмекті алуға құқығы бар.

Бұл ережелер мемлекеттің барлық азаматтар үшін, олардың әлеуметтік немесе қаржылық жағдайына қарамастан, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеттемесін сақтайтынын білдіреді.

Қазіргі таңда медицина ғылымы қарқынды дамып, диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістері енгізілуде. Заманауи медициналық технологиялар ауруларды ерте анықтауға, емдеу тиімділігін арттыруға және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Халық арасында «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл сөз бар. Бұл сөздің мәні бүгінгі медицина талаптарымен де үндеседі. Себебі көптеген аурулардың алдын алуға немесе оларды ерте кезеңде анықтау арқылы асқыну қаупін төмендетуге болады. Осы орайда профилактикалық тексерулерден уақытылы өту, дәрігер кеңесіне құлақ асу, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру және жеке бас гигиенасын сақтау маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар зиянды әдеттерден бас тарту, еңбек пен демалыс тәртібін сақтау және психологиялық саулыққа көңіл бөлу де адам өмірінің сапасына оң әсер етеді.

Әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, тыныс алу жүйесінің аурулары және басқа да созылмалы дерттердің алдын алу мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Мұндай аурулардың қаупін төмендетуде тұрақты медициналық бақылау мен азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауының маңызы зор.

Қорытындылай келе, денсаулық сақтау саласының дамуы – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыс. Медицина қызметкерлерінің кәсібилігі, заманауи технологиялардың мүмкіндіктері және азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы өзара ұштасқанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.

Денсаулықты сақтау – тек дәрігердің міндеті емес, әр адамның өмірлік ұстанымы болуы тиіс. Себебі ұлт саулығы – ел байлығы, ал адам денсаулығы – баға жетпес қазына.

Дегерес аулы дәрігерлік амбулатория
Менгеруші
Мурзамадиев Талғат Жанболатұлы

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments