Алматы облысында жыл басынан бері сүт безі обырымен 200-ден аса науқас тіркелген. Бұл туралы Алматы өңірлік көпсалалы клиникасының онкомаммологы Дәулет Айдаров баспасөз мәслихаты барысында айтты.
Даулет Айдаровтың айтуынша сенбі күндері “Қызыл қазан”атты акция өткізілді. Яғни Қазақстанның барлық онкологиялық диспансерлерінде ашық есік күні өтті. Бұл күні әйелдер маммологтан тегін кеңес алу және УЗИ-ден тегін өту мүмкіндігіне ие болды.
“ Сүт безі обырын ерте анықтағанда емделу ықтималы өте жоғары және 90%-дан астам жағдайда емделеді. Аурудың 3 және 4 –ші сатысында ем-дом шаралары айтарлықтай нәтиже бермейді. Көбінесе әйел адамдар скринингтен өтуден қорқып, салғырт қарап жатады. Кез келген сырқат түрі ерте анықталса емдеу де оңай болады. Сондықтан денсаулықтарыңызға жауапты қарауды шақырамын”, — дейді Даулет Айдаров
Өңірде биылғы жылдың көрсеткіші бойынша алғаш рет анықталған қатерлі ісікпен 1528 науқас есепке алынып, оның ішінде сүт безі обырымен ауыратын 226 науқас тіркелген. Жалпы сүт безінің қатерлі ісігімен ем алып жатқан және диспансерлік есепте тұратын науқастар саны 2295 әйел адам.
Мамандар, Қазақстанда әйелдер 2 жылда 1 рет тегін профилакбтикалық маммографиядан тексерістен өтіп тұрулары керектігін ескертеді.
Айта кетейік,тегін қатерлі ісік скринингіне байланысты барлық ақпарат еліміздің барша емханаларында бар.