Ерлікке тағзым – ұрпаққа аманат
Отан қорғаушылар күні қарсаңында аудан көлемінде тағылымы мол шаралар ұйымдастырылып, соғыс ардагерлерінің ерлігі ұлықталуда. Соның бірі – соғыс ардагерлерінің ұрпақтарымен өткен әсерлі кездесу мен соғыс тақырыбындағы шағын көрме болды. Кездесу барысында майдангерлердің өмір жолы, ел үшін еткен еңбегі мен жанқиярлық ерліктері кеңінен айтылып, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде насихатталды.
Сонымен қатар, соғыс ардагерлеріне арналған ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған. Таңғы сағат жетіден бастап жүргізілген жұмыс барысында уақыт табына өшіңкіреп қалған жазулар қайта жаңартылып, ескерткішке реставрациялық өңдеу жасалды. Қолдағы бояудың таусылып қалғанына қарамастан, біраз бөлігін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туған. Бұл – өткенге құрметтің, ерлікке деген тағзымның айқын көрінісі.
Майдангерлер рухына тағзым ету бағытындағы игі істер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Осы жылдың 12 мамыр күні Алматы облыстық әмбебап кітапханасы соғыс тақырыбына арналған «Майдан мен тылда» атты кітаптың тұсаукесері өтеді. Автордың ұзақ ізденісі мен тарихи деректерге сүйене отырып жазылған еңбекте майдан мен тылдағы ел тағдыры, адам ерлігі мен ұрпаққа аманат болған тарих кеңінен қамтылған.
Тағылымды шараға қатысамын деушілерге есік ашық. Бұл – тарихқа тағзым етіп, ерлік рухын сезінемін деген әрбір жан үшін маңызды кездесу болмақ.





