Пятница, 13 ноября, 2026
Басты бет29 қараша - ҚР мәслихаттары депутаттарының сайлауыЖамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Юсупов Бекжан Мусахановичтың 2026–2031...

Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Юсупов Бекжан Мусахановичтың 2026–2031 жылдарға арналған САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Ауданымыздың болашағы – табиғатты шексіз сүйетін, заманауи біліммен қаруланған саналы ұрпақ, елдің ертеңі үшін жауапкершілікті сезінетін белсенді азаматтар және еңбекқор халық.
Әрбір тұрғынның жас ұрпақтың сапалы білімге қол жеткізуіне, туған жердің табиғатын қадірлеп, қорғай білуіне, әрбір жаңа мүмкіндікті тиімді игеруіне қолайлы жағдай жасау – біздің басты ортақ міндетіміз. Сонымен қатар, ұлағатты ұстаздар мен жас мамандарды жан-жақты қолдау, әрбір ауылдың әлеуметтік-инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру жұмыстары ерекше назарда болады.
Ауданның ешбір елді мекені назардан тыс қалмай, тұрғындардың күнделікті өмір сүру сапасын, әсіресе сапалы білім беру мен әлеуметтік әл-ауқатын түбегейлі жақсарту бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс.
Депутаттық өкілеттігім мен сенім жүгін абыроймен атқара отырып, тұрғындардың әрбір ұсынысы мен өтінішін жіті назарда ұстаймын.
Елдің болашағы, жас ұрпақтың білімі мен туған жердің табиғат тазалығы – бәрімізге ортақ қасиетті борыш.
Халықпен тығыз байланыста, бірлесе еңбек етіп, туған ауданымызды білімі мен мәдениеті дамыған, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, әрбір тұрғыны үшін еңбек етуге және бақытты өмір сүруге қолайлы, келешекке нық сеніммен қарайтын озық өңірге айналдыру – менің өмірлік мақсатым!
Әр тұрғынға әділ қарап, әр ауылдың жағдайы мен тұрғындардың талап-тілегін назарда ұстау – басты ұстанымым. Адал еңбекті бағалап, берген уәдеме берік болуды және әрбір атқарған ісім үшін жауапкершілік алуды азаматтық парызым деп санаймын.
Халықпен әрдайым ашық байланыс орнатып, тұрғындардың мүддесін қорғауға, ұсыныс-пікірлері мен сын-ескертпелерін назарға алуға дайынмын. Әрқайсыңызды мұқият тыңдап, көтерген мәселелеріңіздің мән-жайын зерделеп, оң шешімін табуға бар білімім мен күш-жігерімді жұмсаймын.
«АУЫЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ»
ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!
Мен, Юсупов Бекжан Мусаханович, Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарақастек ауылында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта да туған ауылымда тұрамын.
Жоғары білімді маманмын. 2003 жылы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын (ҚазККА), 2012 жылы Алматы үздіксіз білім беру университетін тәмамдадым.
Еңбек жолымды 2005 жылдың қаңтарынан 2010 жылдың мамырына дейін Алматы қаласында теміржол көлігінің жолаушылар вагондары жолсерігі қызметінен бастадым. 2011 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін Қарақастек ауылындағы Сүйінбай Аронұлы атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келемін.
Еңбек жолымда жауапкершілікті, тәртіпті, табандылық пен адал еңбекті басты ұстаным етіп келемін. Оқушыларды салауатты өмір салтына баулып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және жан-жақты дамуына үлес қосып жүрмін.
Туған жерімнің өркендеуіне атсалысу, ауылдағы білім беру сапасын арттыру, балалар мен жастардың спортпен және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасау – менің азаматтық мақсатым. Ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен өзекті мәселелерін назарға алып, ел игілігіне бағытталған бастамаларды қолдауға дайынмын.
2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
1. ТИІМДІ ИНСТИТУТТАР ЖӘНЕ ХАЛЫҚПЕН КЕРІ БАЙЛАНЫС
Тұрғындармен тұрақты кездесулер мен қоғамдық қабылдаулар өткізіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу, көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал ету.
Сайлауалды бағдарламаның орындалуын бақылап, атқарылған жұмыстар туралы тұрғындар алдында жүйелі түрде ашық есеп беру, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысу.
2. БІЛІМ ЖӘНЕ БАЛАЛАРДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ
Ауылдағы мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи оқу кабинеттерімен, пәндік зертханалармен және спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету, білім беру нысандарындағы жөндеу жұмыстарының сапасы мен уақытылы орындалуын бақылау.
Ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауылға келген жас педагогтерді қолдау, олардың кәсіби біліктілігін арттыруына және шығармашылық тұрғыдан дамуына мүмкіндік жасау мәселелерін көтеру.
Балалар мен оқушыларға арналған қосымша білім беру, шығармашылық және спорттық үйірмелердің қолжетімділігін арттыру, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал ету.
3. МӘДЕНИЕТ, ЖАСТАР ЖӘНЕ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ
Ауыл жастарының сапалы білім алуына, шығармашылықпен айналысуына, қоғамдық өмірге белсенді қатысуына және өз бастамаларын жүзеге асыруына қолдау көрсету.
Ауылдағы мәдени іс-шараларды, кітап оқу мәдениетін, ұлттық құндылықтар мен жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын дамытуға атсалысу, жастардың еріктілік және қоғамдық бастамаларын қолдау.
Балалар мен жастардың спорт секцияларына қатысуына жағдай жасау, спорттық үйірмелер мен бұқаралық спортты дамыту, ауылдық спорт нысандарының қолжетімділігі мен материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселелерін көтеру.
Өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына, отансүйгіштікке, жауапкершілік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеуге бағытталған жобалар мен іс-шараларды қолдау.
СІЗДЕРДІҢ ПІКІРЛЕРІҢІЗ – МЕНІҢ БАҒДАРЫМА НЕГІЗ!
СЕНІМДЕРІҢІЗДІ АДАЛ ЕҢБЕКПЕН АҚТАЙМЫН!
ӘР ШЕШІМІМ – ТУҒАН ЖЕРДІҢ ИГІЛІГІ ҮШІН!

Үгіт материалды шығарған ұйым: «Жамбыл Атамекен» ЖШС,  Алматы   облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылы.  Тапсырыс беруші: Юсупов Бекжан Мусаханович Жамбыл ауданының мәслихат депутаттығына  кандидат. Материалдар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments