Аграрлы аймақ саналған Жамбыл ауданының барлық салада әлеуеті жоғары. Әсіресе, мал шаруашылығы бағытында өңірдің асығы алшысынан түсіп тұр. Ауданда 99 мың 945 бас ірі қара мал бар, қой мен ешкі – 1 млн. 5 мың 252 жылқы – 49 мың 681 ал түйе 1 416 болса, құс 561 мың 421 басқа жетті. Бұл туралы Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Былтыр өңірде 20 мың 877 тонна ет өндірілген. Төрт түліктің етін кәдеге жаратуда кемшіл тұс жоқ. Алайда, терісін пайдаға асыру ісі тұралап тұрған сыңайлы. Аудан басшысы Нұрлан Ертастың айтуынша, алдағы уақытта мал басын асылдандыру және тері өңдеу ісі бойынша жоба қолға алынады екен.
Жалпы, өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 138,7 млрд. теңгеге жетіп жығылды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 58,1 млрд. теңгеге артық орындалған.
Бұқара үшін қажетті инфрақұрылым ол әрине-ауыз су. Бүгінгі күні Жамбыл ауданында елді мекендердің 98,4 пайызды сапалы ауыз су тұтынады. Алайда, Самсы ауылында әлі күнге судан тапшылық байқалады.
Аудан басшысы Нұрлан Ерастұлының айтуынша, Самсы ауылына 2015 жылы облыстық бюджеттен 15 млн 250,0 мың теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, 2018 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлінген. Бұған «Сұңқар» ЖШС жауапты мердігер болып танылған.
Ауыз су жүйесіне тұрғын үйлерді қосу 2020 жылдың мамыр айында басталған екен. Жоба бойынша 33 шақырым су құбырын тарту, 1 су ұңғымасы қазылды. 300 м3 екі су резурвары салынды, бір су мұнарасы қойылған.
Тұтас ауылда суға қатысты мәселенің пайда болуына негізгі себеп, су құбырларын дәнекерлеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеуі.
Аудан басшысы аталған кемшілікті түзеу үшін арнайы құжаттары әзірленгенін алға тартты. Сөзіне сүйенсек, Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасына құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге қаржы көзін қарастырып беруге сұраныс берілді. Құжаттамаға сай су ұңғымасын күрделі жөндеуден өткізу, ысырмалар ауыстыру және 3 шақырым су құбырын жөндеу қарастырылған.
Жалпы, биыл Ұзынағаш, Қарасай Мыңбаев, Бозой ауылдарының ауыз су жүйелерін жаңғырту мен құрылыс жұмыстарына 829,7 млн. теңге қаржы бөлінген. Елді мекенге газ тарту жұмыстарына тоқталсақ, өңірде 34 елді мекен газға қосылған. Бұл көрсеткіш биылғы жылы арта түспек.
«2025 жылы Архарлы, Бірлік, Шилібастау, Танбалытас, ауылдарын және Қазыбек бек бекетін газдандыруға бюджеттен барлығы 1,5 млрд. теңге бөлінді.2025 жылы Б. Қыдырбекұлы, Жайсан, Ақсеңгір, Көкдала және Қазбек бек, Беріктас, Дегерес, Шилібастау ауылдарында газдандыру жұмыстары аяқталады. Жылдың соңына дейін табиғи газбен қамтылған елді-мекен саны 44-ке жетеді, бұл 72 % ұлғаяды»,-деді Жамбыл аданының әкімі Нұрлан Ертасұлы.