Среда, 17 июня, 2026
Басты бетAtamekenЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА 100 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ҚОШҚАР САТЫП АЛЫНДЫ

ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА 100 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ҚОШҚАР САТЫП АЛЫНДЫ

Жамбыл ауданында мал шаруашылығын дамыту бағытында ерекше оқиға орын алды. Мыңбаев ауылындағы жеке кәсіпкер Нұрперзент Серікұлы асыл тұқымды «Байрақ» атты қошқарды сатып алып, өңірдегі қой шаруашылығын дамытуға тың серпін берді. Құны 100 миллион теңгені құрайтын бұл қошқар қазіргі таңда ТМД аумағындағы ең ірі қошқарлардың бірі ретінде бағалануда.

Асыл тұқымды мал жуырда ғана Қырғыз Республикасынан әкелінген. Қошқардың салмағы 180 келіден асады, ал бойының биіктігі 110 сантиметрге жетеді. Мамандардың айтуынша, мұндай көрсеткіштер оның генетикалық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Азамат Сұлтанов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аян Нұрпейісов және аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Данияр Балаев Мыңбаев ауылына арнайы барып, кәсіпкердің жұмысымен танысты. Кездесу барысында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланып, жаңа бастаманың аудан экономикасы мен агроөнеркәсіп саласына берер пайдасы сөз болды.

Кәсіпкер Нұрперзент Серікұлының айтуынша, бұл инвестицияның басты мақсаты – Жамбыл ауданындағы қой тұқымын асылдандырып, ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту.

– Біз бірнеше жылдан бері асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналысып келеміз. Негізгі мақсатымыз – ауданымыздағы қой тұқымдарының сапасын арттырып, өнімділігін көтеру. «Байрақ» қошқарын арнайы таңдап әкелдік. Енді осы малдан төл алып, ауданымыздағы қойлардың салмағын арттырып, ет өнімділігін жақсартуға жұмыс істейміз. Бұл – тек жеке шаруашылық үшін емес, жалпы өңірдегі мал шаруашылығының дамуына бағытталған жоба, – дейді кәсіпкер.

Мамандардың пікірінше, асыл тұқымды мал басын көбейту ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттырып қана қоймай, ет өндірісінің көлемі мен сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде мемлекет тарапынан да мал тұқымын асылдандыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы орайда жеке кәсіпкерлердің бастамашылдығы мен инвестициялық белсенділігі сала дамуына оң ықпал етуде.

Жамбыл ауданы ежелден мал шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі саналады. Соңғы жылдары ауданда асыл тұқымды ірі қара, жылқы және қой шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. «Байрақ» қошқарының әкелінуі осы жұмыстардың заңды жалғасы болып табылады.

Ауыл шаруашылығы саласының мамандары мұндай жоғары генетикалық әлеуетке ие асыл тұқымды малдарды пайдалану болашақта ауданның мал шаруашылығы көрсеткіштерін жақсартып, жергілікті шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтуде.

Мыңбаев ауылындағы бұл бастама Жамбыл ауданында асыл тұқымды мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.

Б.Айталы

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments