Инвестициялық жобалардың құны 90 млрд теңге. Нәтижесінде 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.
Бұл туралы Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас Алматы облысы Өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдастырылуымен өткен көшпелі пресс-турда хабарлады. Брифинг барысында, аудан әкімі жыл басынан бері әр саладағы көрсеткіштермен бөлісті.
Қазіргі таңда өңірде кәсіпкерлікті дамыту үшін,жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру бойынша барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Осы бойынша, өндірістік фабрикаларға инвестиция саласы бойынша негізгі капиталға тартылған қаражат көлемі 7 млрд , оның ішінде бройлер құс фабрикасы «BELES AGRO KZ» ЖШС ,алтын өндіруші «Арсенал» ЖШС,тігін фабрикасы «Алатау» ЖШС,
органоминералды тыңайтқыштар мен жемшөп қоспаларын өңдейтін зауыт «ALFA ORGANICS»ЖШС жұмыс орындары жоспарлануда.
Өңір басшысының айтуынша, Жамбыл ауданында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 13 мың 275 субъект тіркелген. Аймақтың негізгі дамушы күші-ауылшаруашылығы саласы. Аграрлық салада 3780 нысан жұмыс істейді. Осыған орай, аудандық жобалардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу- дейді Нурлан Ертас.
Сондай-ақ,аудандағы проблемалар қатарында ауылішілік жолдардың жайы бар. Аудан басшысы аталған мәселені шешу үшін бірқатар шара атқарылып жатқанын жеткізді. Ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда ауданға қарасты 16 елдімекенде ұзындығы 64 шақырым болатын 60 көше орташа жөндеуден өткізіліп жатыр.
Халықтың сұранысы бойынша, Ұзынағаш ауылында жалпы құны 3 млрд 211 млн теңгені құрайтын, бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын аудандық емхана құрылысына 1,4 млрд теңге бөлініп, жұмыстар басталды.
Мұнымен қоса, өңір басшысы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, тұрмыс сапасын арттыру үшін барлық жағдай жасалатынын уәде етті. Алда мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес өңір дамуы жоспарын кезең-кезеңімен іске асыратынын баса айтты.