Среда, 27 ноября, 2024
Басты бетЖамбыл-175 жылЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫҢ   СҰРАНШЫ БАТЫР ДАСТАНЫ:  ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ПЕН КӨРКЕМДІК ШЕШІМ

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫҢ   СҰРАНШЫ БАТЫР ДАСТАНЫ:  ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ПЕН КӨРКЕМДІК ШЕШІМ

Еңсесі биік ел — алып,
Ел бастаған ер — алып.

Жамбыл Жабаев.

                                                                                                                                                              Жас күнінде Бөлтірік шешен Жамбылдың қолын ұстап тұрып: «Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болады екен»,-депті. Аузы дуалы, сөзі киелі Бөлтірік бабамыз болжағандай, Жамбыл «ХХ ғасырдың Гомері атанған», әлемді таң қалдырған ғажайып құбылыс болды. Тал бесік пен жер бесіктің арасында өлеңнен асқан не бар? Сол себепті біздің жұрттың өлеңге деген құрметі, өлең туған ақынға деген құрметі ерекше.

Жамбыл туған өлкеден Өтеген, Райымбек, Қабан, Сұраншы, Сыпатай, Бұғыбай,  Күсеп, Сүйінбай, Бақтыбай, Майкөт, Бөлтірік тәрізді батырлар мен ақындар шыққаны тарихтан белгілі. Жамбыл ақын жыр-дастандарында халықтың өткені мен өскенін , қалың елдің асыл арманы мен ұлы –мұрат тілегін, ер өсірген елдің елдігі мен ел қорғаған ердің ерлігін толғады. Жамбыл әр сөзінде ел бірлігін сақтауды, ел қорғаған ерлерді жырлауды  мақсат тұтты.

Ақынның эпикалық қуатына дәлел болатын бірнеше шығармасы бар.  Мені  ақынның ерлік пен елдікті , аңыз бен ақиқатты қатар өрген «Сұраншы батыр» дастаны қызықтырады. Ақын Жамбыл бұл дастанды сыя сауытсыз, қаламсыз, дәптер, кітап, қағазсыз домбырамен жазғаны жалпақ жұртқа белгілі.  Ақынның өнерге, өнер төресі өлеңге деген құрметі осыдан-ақ көрінеді.Жырда батыр бейнесін Алатаумен салыстырады. «Мұз дулыға, қар сауыт» деп, Алатауды дәл бұлай суреттеуі тегін емес. Дулаттың нақ жау алдында үшке бөлінуі – көңілге қорқыныш ұялатады. Жырдың жалғасында еріксіз мықты, хас батырды күтесің. Көп күттірмей көз алдыңа елдің қамқоры, бес қаруын асынған , арыстан жүрек Сұраншы келеді. Жырда Сұраншы батырдың есімімен қатар Сыпатай батырдың, Қарасай батырдың бейнесі берілген. Жамбыл дастанда  Сұраншы батырдың  жанынан табылған Саурық, Сыпатай батырлардың де есімін ескерусіз қалдырмайды. 

Сол күнде батыр туса елдің ырысы болған әрі несібе деп бағалаған. Жырдағы Сұраншы батыр жай батыр емес «арыстан жүрек» Сұраншы. Жырда батырдың әкесі Қашке деп келеді.Арғы атасы Қарасай батыр екені жырда анық айтылады. Бұл деректер тарихи шындыққа сәйкес .

«Сұраншы батыр» батырлар жырының бір үлгісі әрі тарихи дастан. «Сұраншы батыр» ежелгі батырлар жырының дәстүрінде туған дастан болғандықтан, сол жырлардың баяндау, суреттеу тәсілдері жырда анық көрінеді.  Дастанды қолға алып оқысаңыз Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Қамбар батыр бейнелерін жазбай танисыз. Сонымен қатар дастан әсірелеп айту жағынан соңғы дәуірдегі тарихи-реалистік поэмаларға да жақын.

Батырдың жорықтарына қатысқан атақты ақын, жыр алыбы Жамбылдың бас ұстазы, пірі Сүйінбай ақын шығарған алғашқы «Сұраншы батыр» жыры көрші қырғыз жұртының жыршысы Рысбектің дерегі бойынша жазылып алынған. Сүйінбай ақынның Сұраншы батыр жайында жазған жырлары жетерлік. Көп өлеңнің ішінде Сүйінбайдың «Ту алып жауға шапсаң сен» атты өлеңінде Сұраншының анық бейнесі көрінеді. Сонымен қатар бұл өлеңдегі негізгі идея «Сұраншы батыр» дастанында өз жалғасын тапқан. «Сұраншы батыр» дастанының  көп нұсқалы болуына бір дәлел  ақынның маңында жүрген бірнеше азаматтар жырды жазып алған. Қазіргі уақытта көпшілік арасында және әдеби басылымдарда жарияланып жүргені жазушы әрі ақын Қалмақан Әбдіқадыровтың нұсқасы.Жырды ақынның аузынан 1937 жылы жазып алыпты. Ақынның  бұл кезде жасы 91 –ге қараған. Ақыннан бұл дастанды  ертерек жазып алғанда  шығарманың көркемділігі мен көлемінде өзгеріс болатыны сөзсіз еді.

1853 жылы Сұраншы батыр 300 жасақпен қоқандықтардың 20 мың әскерін , қазіргі Алматы облысы , Жамбыл ауданы , Қопа станциясының  маңында тас талқан етіп жеңгенін, сол оқиғаларға өзі қатысқан , көзімен көрген Сүйінбайдың жырлауы тарихи шындық.

Жамбыл Сұраншы жайында «Тұқым қуған батырлық, үзілмей аққан сағадай» деп батырдың шежіресін  қос тіркеспен нақты бере білген. Жамбылдың көзімен қарағанда Сұраншы бейнесі жырда былай беріледі.

Мейірімді туған Сұраншы-

Елі сүйіп жасынан.

Жетім менен жесірді

Атына артып көшірген,

Ерегіскен жауларын

Су құйғандай өшірген. /1,48/

Абылайша қос алып, су құятын мес алып, жауды іздеген 300 ер және қолбасшы Сұраншы теңіздің бір тамшысындай,алып Алатаудың бір тасындай болған нөкерімен  майданды бастап кетті.Батырдың басты жауы халық, ұлт емес. Сұраншы батыр Қоқанның Құдияр ханы мен қырғыздың манапы Орман ханын жеңуді көздейді. Бас алу – батырдың мақсаты емес.Батыр аңғал келеді деген  сөз нақ айтылған. Бір қауым елге бір өзі барып,ханға қарап қасқайып дат айту ерлік. Бірақ батырдың бір оқтық екенін неге ескермеді екен мықты стратег қолбасшы. Осы тұста, екінші бір мәселенің ұшы шығып тұр. Дәл осы ақын жырлап отырған шақта халық қымбат, ханның бәрі арамза ,надан болып келуші еді  ғой. Бұл кезіндегі хандық билікке деген қорқыныш немесе үрей болуы мүмкін. Бұл дегеніңіз тарихи шындық пен көркемдік шешімнің түйіскен тұсы.

  Жамбыл ақын батырмен бірге  қуанып, батырмен бірге жұбанып отыр. Жырға терең үңілсең  Жамбыл мен Сұраншының тұтастығын көресің.

Осы қолдың несі көп,

Қурап тұрған шірік шөп,

Суырып қылыш ат қойсаң

Қарсы тұрар бірі жоқ, /1,50/ —  деп батырдың аузына  рухты, отты,  сөз салу – тек Жамбыл ақынға жарасқан.Дастанда батыр «ақ сүт берген анам – ел, үлгі берген атам – ел» деп ер мен ерліктің бастау алар бұлағын ашып көрсетеді. Батырдың бес қаруы және серігі Ақтұяқта майдан алаңында ел үшін аянып  қалмады. Бұл көркем сөзбен кестеленіп жеткен тарихи шындық.

Мен-мен едім, мен едім,
Мен кімдерден кем едім,
Батыр болсаң — мен де сол,
Мен де өзіңдей ер едім./1,57/ Осы бір шумақты оқығанда еріксіз тағы бір батыр көз алдыңа келеді. Өр намыстан жаратылған Махамбет пен Жамбылдың Сұраншы батырында үндестік бар. Бәлкім қазақтың маңдайына біткен барлық батыр бір ананың баласы шығар.

       Кез-келген батырлар жырын оқысаңыз , бәрі  бір бағытта жүреді. Еліне, жеріне киліккен дұшпанның бәрін жер жастандырып, туған жерге келіп өзі де мына  фәниге қош айтады. Жаттың, жаудың қолында қалу – батыр деген ұлы сөзге ұят әкелетінін бәріміз білеміз. Жырда «Ордасына кеп өлді», — деп жырау  батырды жауда қалдырғысы келмеді. Ақынның Сұраншыға деген сүйіспеншілігін жалпы батырларға деген құрметін мына жолдардан анық байқаймыз.

Бата берген Сүйінбай,

Жырдың тіккен туындай,

Айтқанда маған ақылды,

Жырла!- деген батырды, — деуі болса, екінші жағы – халықтың қорғаны болған шын батырды шын ақын жырламағанда кім жырлайды?

    «Өмір бойы өлеңмен, өлең болғанда қандай өлең классикалық өлеңмен сөйлейтін адам болады деуге сенбеуші едім. Ал Жамбылдың «Манасты» он жеті күн, «Көрғұлыны» он бес күн айта алатынына, барлық қазақ эпосын, өзіне дейінгі ақындар айтысын жатқа білетіндігіне, бір басында миллионнан астам өлең жолдары бар дегенге көзім әбден жетті. Жамбыл түсінде де өлең шығарады деген шындыққа жолықтым. Бұл ғажап екен! Мен Жамбыл университетінің тайниктерінің есігін аштым. Мұны көрген көзде арман жоқ»\2,165\. Л.Соболевтың осы бір ой-пікірінен-ақ  Жамбылдың эпик, абыз жырау әрі жауынгер жыршы, тапқыр шешен болғандығын көреміз. Ол байтақ қазақ даласын жыр дариясына кенелткен, осы өнерді ілгері дамытқан, жаңа биікке көтерген ұлы ақындардың, жыраулардың  үздігі. Көзі тірісінде-ақ ақын Жамбыл талай ерге өлеңнен ескерткіш соқты. Сол сөз ескерткіштерінің ішінде Сұраншының жолы бөлек. Ақын өз кезеңін көркем оймен айшықтап, батыр тұлғасын танытуда тарихтан алшақтамайды. Сондықтан да «Сұраншы батыр» дастаны сұранысқа ие шығарма. Қай кезеңде болсын мақтанышпен айтылатын әрі оқылатын шығарма.

     Қорыта айтқанда, сандаған ғасырларға созылған тарихы бар кең байтақ жерімізді бүгінгі ұрпаққа аман –есен жеткізу жолында тер төккен ерен тұлғалар аз болған жоқ. Солардың ерлігін жырға қосқан Жамбыл дастандары соның ішінде «Сұраншы батыр» дастаны бүгінгі оқушыға  отаншылдық рух пен патриоттық тәрбие берері сөзсіз. Қазіргі жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес мектеп оқулықтарында Жамбыл Жабаевтың жыры жоқ десе болады, Тек «Зілді бұйрық» өлеңі берілген. Алып ақынға бұл аздық етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта оқушыларымыз Жамбылдың «Сұраншы батыр» дастанын мектеп оқулығынан оқыса деген тілек бар.

Ринат Қырықбаев,

Беріктас ауылындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Нағашыбек Қапалбекұлы,Манарбек Ізбасаров «Сұраншы – Саурық»жинағы. Алматы:2013

2.Смирнова Н.С. Қазақ әдебиеті тарихы. Алматы:1964.1том

3.Жамбыл Жабаев. Екі томдық шығармалар жинағы . Алматы: 1982

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments