Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов Ащыбұлақ ауылдық округіндегі №20 орта мектепке барып, білім ордасының дайындығымен танысты.
Аудан әкімі мектептің ішкі және сыртқы аумағын аралап, оқу кабинеттерін, ғимарат пен мектеп ауласының санитарлық жағдайын көрді.
Мектеп аумағында қазір жаңа футбол алаңы салынып жатыр. Іле аудандық білім бөлімі жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Сондай-ақ Қайыржан Жақсымбетов мектеп аумағындағы сарқынды суларды жинақтауға арналған шұңқырды қазу жұмыстарының барысын көрді.
Аудан әкімі жауапты мамандарға жүргізіліп жатқан жұмыстарды сапалы орындап, жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.


