Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Жеке меншік – адамның экономикалық еркіндігінің, отбасының тұрақтылығы мен әл-ауқатының маңызды негіздерінің бірі.
Жеке меншікке заңмен кепілдік беріледі. Жаңа Конституцияның 29-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншік құқығы бар. Сонымен қатар, меншікке және мұрагерлік құқыққа заңмен кепілдік беріледі.
Бұл норма азаматтардың өздеріне тиесілі тұрғын үйге, жерге және басқа да заңды түрде иеленген мүлікке қатысты құқықтарын қорғауға бағытталған.
Сондай-ақ мүлікті қорғау -мемлекеттің маңызды міндеті деп көрсетілген. Конституцияға сәйкес, ешкімді сот шешімінсіз өз мүлкінен айыруға болмайды. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға заңда көзделген ерекше жағдайларда және оның тең құны өтелген кезде ғана жол беріледі. Бұл талап азаматтардың мүліктік құқықтарының қорғалуына және мемлекеттік органдардың заң аясында әрекет етуіне құқықтық негіз қалыптастырады.
Ал меншік иесінің жауапкершілігі келсек, жеке меншік құқығы мүлікті еркін иелену мен пайдалануға мүмкіндік бергенімен, бұл құқықты жүзеге асыру заң талаптарына сай болуы керек. Конституцияның 8-бабында барлық меншік түрі танылатыны, оларға кепілдік беріліп, тең қорғалатыны көрсетілген. Сонымен бірге, меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне қайшы келмеуге, басқа адамдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
Қорытындылай келе, жаңа Конституциядағы жеке меншікке қатысты нормалар азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Өз құқығын білу және заң талаптарын сақтау — әрбір азаматтың құқықтық мәдениетінің маңызды көрсеткіші.
Тоқтасынов Тұрсынжан



