Жамбыл ауданының жас спортшысы Нұрғали Айкөркем Бақытжанқызы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен халықаралық көркем гимнастика турнирінде алтын медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.
2026 жылдың 30 қазаны мен 1 қарашасы аралығында Sheikh Saeed Bin Maktoum Sports Hall спорт кешенінде ұйымдастырылған «SPSM PIROUETTE Challenge Cup 2026» халықаралық жарысына әлемнің 13 мемлекетінен 200-ден астам жас гимнаст қатысты. Осындай ауқымды додада жерлесіміз жоғары шеберлік танытып, І орынға ие болды.
Айкөркем – Жамбыл ауданына қарасты Қасымбек орта мектебінің 2 «Ә» сынып оқушысы. Сынып жетекшісі – Назира Маткеримқызы. Жас спортшы көркем гимнастикамен 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап айналысып келеді. Аз уақыт ішінде қалалық және облыстық жарыстарда үш мәрте І орын, бір мәрте ІІ орын және бір мәрте ІІІ орын иеленіп үлгерген.
Ол Қарғалыдағы «Бақсы» спорт кешенінде жаттығып, шеберлігін шыңдап жүр. Дубайдағы жарыс – Айкөркемнің шетелде қатысқан алғашқы халықаралық додасы. Соған қарамастан жас гимнаст өзінің табандылығы мен талантының арқасында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Бұл жетістік – жас спортшының қажырлы еңбегінің, бапкерінің жүйелі дайындығы мен ата-анасының қолдауының жемісі.
Халықаралық аренада Қазақстанның көк туын желбіретіп, Жамбыл ауданының абыройын асқақтатқан Айкөркемнің алар асуы әлі алда. Жас гимнастымызға алдағы жарыстарда да толағай табыс тілейміз!
Б.Айталы


