Алматы облысында соңғы аптада коронавируспен сырқаттанушылық деңгейі 17%-ға төмендеді. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша Алматы облысы жасыл аймақта орналасқан. Соңғы тәулікте КВИ-дың 88 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды «Jetisy Media».
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде коронавирустық инфекциямен сырқаттану облыстың барлық 20 өңірінде анықталып отыр. Облыстық сырқаттанушылық көрсеткішінің артуы Талдықорған қаласында 6667,3 (12519сл.), Текелі 6833,0 (2092ж.), Қаратал 5261,6 (2289сл.), Көксу 3939,5 (1602сл.), Балқаш 3389,2 (1022сл.), Ескелді 3271,5 (1630сл.), Ұйғыр 3120,0 (1954ж.), Талғар 2790,6 (6380сл.) және Панфилов 2687,7 (3372сл.) аудандарында бар.
«Қазіргі жағдайға байланысты карантиндік режимнен шығудың кепілі коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация және шектеу шараларының шарттарын қатаң сақтау болып табылады. Тек жаппай вакцинация және одан кейінгі ұжымдық иммунитет арқылы облыс тұрғындары өздерін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік алады»,-дейді Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев.
Бүгінгі күні Алматы облысына вакцинаның І-компонентінің 905 020 дозасы және II-компоненттің 895 150 дозасы келіп түсті. Ағымдағы деректер бойынша, коронавирустық инфекцияға қарсы 803 111 адам І компонентпен және 724 720 азамат ІІ компонентпен вакцинацияланды. Облыс бойынша І компонентті вакцинациямен қамту 67% — ды құрайды.
Айта кетеу керек, өңірде тұмауға қарсы иммундау жұмыстары жүргізілуде. Ресми мәліметтер, тұмауға қарсы иммундаумен 219 378 азамат қамтылғандығын, бұл жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоспардың 71,4% — ын және жалпы халықтың 10,3% — ын құрайтындығын көрсетіп отыр.
Тұмауға қарсы профилактикалық егудің төмен көрсеткіштері Панфилов (28,9%), Ескелді (41,7%), Талғар (48,4%), Ұйғыр (50,7%), Көксу (53,5%), Жамбыл (56,8%), Қаратал (59%), Райымбек (68,8%) аудандарында және Талдықорған (52%), Текелі (52,9%) қалаларында анықталды.
Асхат Сәкенұлының айтуынша, бүгінгі таңда мақсатты топтарды тұмауға қарсы иммундау жұмыстары Ақсу, Алакөл, Кеген, Сарқан аудандары мен Қапшағай қаласында аяқталған.