Жетісу облысы бөлінген кезден бері мемлекеттік мүлікті жалға беруге байланысты жалпы саны 209 шарт жасалған. Одан облыстық бюджетке мүлікті жалға беруден түсетін кірістер ай сайын 6,9 млн. теңге. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға немесе жалға берудің тәртібі туралы Жетісу облысы Қаржы басқармасының басшысы Жанар Керімбекова мен Коммуналдық меншікті басқару бөлімінің басшысы Еділ Рысқұлов айтып берді.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17 – бабына сәйкес коммуналдық меншіктегі нысандарды тиімді басқару жұмысын жүргізетін жергілікті уәкілетті орган облыстық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға, сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне, сатып алу құқығымен немесе кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалдауға сенімгерлікпен басқаруға береді.
Сенімгерлік басқару объектісі болып – мемлекеттік кәсіпорынның мүліктік кешені, бағалы қағаздар, жарғылық капиталға қатысу үлестері, жылжымайтын мүлік, мемлекетке тиесілі ақша, сондай-ақ өзге мемлекеттік мүлік танылады», – дейді Жанар Нұрқыдырқызы.
Сенімгерлік басқаруға беруге жататын объектінің баланс ұстаушысынан және басқару органынан келіп түскен хаттары негізге алына отырып объектіні кейіннен сатып алу құқығымен немесе сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданады.
«Объектіні кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру тендерлік негізде жүзеге асырылады. Ал, газ құбырлары, электрмен және энергиямен жабдықтау т.б. объектілері тендер өткізбестен кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға алуға ниет білдірушінің өтініші негізінде және баланс ұстаушы немесе басқару органының келісімі негізінде жүзеге асырылады», – дейді Еділ Тұрсынұлы.
Қаржы басқармасының көрсеткішіне сәйкес ең қымбат жалға беру Талдықорған қаласына тиесілі. Мәселен, облыс орталығында сауда жасау үшін айына бір шаршы метрге 2425,8 теңге төлеу керек. Екінші орында Текелі моноқаласы, үшінші орында Ақсу аудан орталығы тұр.
Атап өтейік, Сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №17 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.