Суббота, 23 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтарЖол сапасын арттыру басты міндет

Жол сапасын арттыру басты міндет

Бүгін Алматы қаласының Ақжар ықшамауданында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалында филиал жанынан құрылған «Жолсапа» қоғамдық бақылау кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Жиынға Қарасай аудандық мәслихат депутаттары   Сунбеков Бекжан Батырбекұлы, Балажанова Айжан Талғатқызы, Жамбыл аудандық мәслихат депутаты  Жүнісов Айдын Серікұлы  мен БАҚ өкілдері қатысты.

 Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының атқарып жатқан жұмыстары, бүгінгі таңдағы  жолдардың сапасы мен өзекті мәселелер төңірегінде филиал директоры Жасұлан Махамбетұлы Керімқұлов қысқаша айтып өтті. Ол өз сөзінде жол сапасына үлкен нұқсан келтіретін ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдауының келтіріп отырған зиянына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдағы кейбір бұзақылардың өрескел әрекеттерінің салдарынан жол белгілері жарамсыз болып немесе мүлде жоғалып кететініне бірнеше мысал келтірді. Атап айтқанда, ауыл маңындағы жолда тұрған көрсеткіш белгілерді ұрлап алып, үйіне құрылыс материал орнына немесе қазанға қақпақ жасап пайдаланатынын, еріккен жандардың жол белгілерін майыстырып, сындырып, құлатып кеткен фактілері де кездесетінін айтты. Міне осы сияқты толып жатқан кемшіліктердің алдын алу шараларына қоғам белсенділерін, халық қалаулыларын және бұқаралық ақпарат құралдарын атсалысуға шақырды.

Сондай-ақ, Жасұлан Махамбетұлы аудандық мәслихат депутаттарына аудандардағы мектеп бітіруші түлектерге жол құрылысы мамандығына түсуге ынтасы бар болса өздерінің мекемесі тарапынан қандай да бір көмек көрсететінін айтты. Бұл жөнінде Жасұлан Махамбетұлы: «Қазір қай ауданға барсаңыз да жол саласы бойынша жауапты мамандар тапшы екенін байқаймыз. Аудандардағы жолды бақылауға алатын мекемелердің көбінде бұл мамандар жоқ деуге де  болады. Бәлкім содан болар бізде жаңадан салынып жатқан жолдардың кейбірінің сапасы сын көтермейді. Ол тек аудандарда емес бүкіл республика көлемінде көтерілетін үлкен мәселе болып отыр. Біздің мамандық бойынша жылына ары кетсе 20 студент университетті тамамдайды. Бірақ сол 20 маманның ішінен оншақтысы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, қалғандары оңай ақша табудың жолына түсіп кетеді. Осы бізді қынжылтады. Сол үшін біз мектепті бітіруші түлектерге жыл сайын жол құрылысы мамандығы бойынша оқуға түсуге шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Егер оқуға ниетті жан болса сол студенттің оқу ақысын төлеп беруге де дайынбыз. Бірақ әлгі студент оқуын аяқтаған соң міндетті түрде осы саланың маманы болып жұмыс істеу керек деген шарт қоямыз.  «Жол мұраты — жету»,- деген дана халқымыз. Бұл турасында жуырда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздені республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырамын»,-деген болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзі өте орынды айтылды. Осыған орай біз аудандық мәслихат депутаттарын шақырып, БАҚ өкілдерімен бірлесіп қоғамдық кеңес құруды қолға алдық. Бұл кеңес құрамы алдағы уақытта кез келген жолдардың сапасын тексеруге, жол салып жатқан мердігер компаниялардың жұмысын қадағалауды қолға алуға мүмкіндік алатын болады. Осылайша біз еліміздегі жолдардың сапасын арттыруға күш салсақ деген ниеттеміз. Жақын күндері жолдың сапасын тексеру мақсатында жоспардан тыс рейдттерге шығып, тексеру жұмыстарын жүргізуді көздеп отырмыз»,-деп сөзін қорытындылап, қоғамдық кеңес мүшелерін біркісідей жұмыс жасауға шақырды.

Отырыс барысында депутаттар өздерін толғандырған сауалдарына жауаптар алды. Жиын соңында аудандық мәслихат депутаттары аталмыш мекеменің зертханасының жұмысымен, жылжымалы зертхана көлігінің атқаратын жұмыстарымен танысты.

Елдар Жақыпбеков.

                                                                                   

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments