Жаз мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Іле ауданы аумағындағы су айдындарында кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға Іле ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі, №8 және №9 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері, сондай-ақ Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекцияның қызметкерлері қатысты. Рейд барысында су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы бақылауға алынып, рұқсат етілмеген орындарда шомылып жүрген азаматтар анықталды.
Тексеру нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес белгіленбеген жерде шомылған бір азаматқа әкімшілік хаттама рәсімделді.
Сонымен қатар мамандар тұрғындармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, суға тек арнайы рұқсат етілген орындарда түсу, балаларды су жағасында қараусыз қалдырмау және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін түсіндірді.
Мамандар әрбір азаматты өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, су айдындарында белгіленген ережелерді сақтауға шақырады. Мұндай рейдтік іс-шаралар жазғы кезең бойы аудан аумағында тұрақты түрде жалғасады.



