Іле ауданында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда ауданда 44 мемлекеттік және 14 жекеменшік мектепте 69 мыңға жуық бала білім алуда.
Оқушылардың мектепке қауіпсіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында 44 мемлекеттік мектептің 34-інде тегін тасымалдау ұйымдастырылған. Бұл бағытта 61 автобус қызмет көрсетеді. Оның 12-сі аудандық білім бөлімінің балансында, 49-ы жеке тасымалдаушыларға тиесілі.
Тегін тасымалмен 7 361 оқушы қамтылған. Оның ішінде 1–4 сыныптарда – 2 868, 5–9 сыныптарда – 4 493 бала. Бірінші ауысымда 3 727, екінші ауысымда 3 634 оқушы тасымалданады.
Жалпы, оқушыларды тасымалдау 73 саяжай алқабы мен 7 елді мекенді қамтиды. Ақсай ауылдық округінің Сокол, Мерей, Глинка және тағы 10 саяжай алқабынан Жібек жолы ауылындағы мектептерге 186 оқушы жеткізіледі. Ал Асқар Тоқпанов елді мекенінен Алматы қаласының Қарасу шағынауданындағы №160, №164 және №179 мектептеріне 135 бала тасымалданады.
Балаларды тасымалдауда қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше мән беріледі. Барлық автобустар тиісті тексеруден өткізілді. Тасымалдаушылармен арнайы жиын өткізіліп, көліктердің техникалық жағдайы, жүргізушілердің жауапкершілігі және жол қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.
Зерделеу барысында жеке тасымалдаушыларда пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан 7 автобус анықталды. Оларды жақын арада ауыстырып, автопаркті жаңарту бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар мектептерде құқық бұзушылық пен буллингтің алдын алу, жол қауіпсіздігін сақтау, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және ата-аналармен профилактикалық жұмыстарды күшейту бағытында шаралар жүргізілуде.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы негізгі мақсат – балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру. Бұл – мемлекеттік органдардың, мектептердің, ата-аналар мен тасымалдаушылардың ортақ жауапкершілігі.
Бала қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет.


