Азаматтардың бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кез келген өркениетті мемлекеттің дамуы мен ішкі тұрақтылығының басты негізі. Қазақстан Республикасының Конституциясы елдің қолданыстағы Негізгі Заңы ретінде қоғамның тыныштығы мен әрбір азаматтың құқықтық қорғалуын қатаң кепілдендіреді. Мемлекет басшысы атап өткен «Заң мен Тәртіп» қағидаты Ата Заңымыздың рухынан бастау алып, бүгінде өңірлердегі құқық қорғау жүйесінің күнделікті қызметіндегі негізгі темірқазығына айналды. Құқықтық тәртіп пен қоғамдық тұрақтылық – ол ауыл-аймақтағы әрбір тұрғынның көшедегі қауіпсіздігімен, мүлкінің тиіспеушілігімен, Конституциямен берілген құқықтардың қорғалуымен және заң алдындағы жауапкершілігімен тікелей өлшенеді. Осы орайда, елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар мен олардың іс жүзіндегі оң нәтижелеріне тоқталудың маңызы зор.
Конституциямызға енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтар – еліміздегі құқықтық архитектураны жаңа деңгейге көтерген тарихи әрі дер кезінде қабылданған қадам. Конституция деңгейінде Конституциялық Соттың жұмысы жолға қойылып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы айқын бекітілді. Әсіресе, цифрландыру заманында Конституция арқылы азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинаудан, өңдеуден және сақтаудан қорғауға, электрондық коммуникациялар мен банк ақпаратының құпиясын сақтауға тікелей кепілдік берілуі – полиция жұмысына да жаңа талаптар жүктейді. Жергілікті деңгейде құқықтық тәртіпті сақтау жүйесін басқаратын басшы ретінде бұл конституциялық өзгерістерді толықтай қолдаймын, өйткені Ата Заң талаптары «Заң мен Тәртіп» қағидатын нақты іске асыруға жол ашады.
Жамбыл аудандық полиция басқармасының 2026 жылдың алғашқы бес айындағы қызметіне терең сараптама жасайтын болсақ, осы конституциялық қағидаттардың орындалуы мен құқықтық реттеулердің нақты жемісін көруге болады. Ауданда жүргізілген жүйелі деңгейдегі профилактикалық және жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жалпы қылмыстылық деңгейі 20,6 пайызға азайып, тіркелген құқық бұзушылықтар саны 382-ден 303-ке дейін төмендеді. Ең бастысы, қылмыстың ашылу сапасы елеулі түрде өсті: жалпы қылмыстардың ашылу көрсеткіші өткен жылғы 49,1 пайыздан 63,9 пайызға артты. Ал аса ауыр қылмыстар, адам өміріне қастандық жасау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, бұзақылық, сондай-ақ көлік құралын заңсыз иелену мен бөтеннің мүлкін ұрлау сияқты қоғамға зор қауіп төндіретін қылмыс түрлері жүз пайызға ашылып, заң бұзған кез келген тұлғаның жазасыз қалмайтыны тағы бір мәрте айғақталды.
Бүгінгі таңда қоғам үшін ең өзекті де қауіпті мәселелердің бірі – интернет-алаяқтық пен киберқылмыстар болып отыр. Конституция азаматтардың жеке өмірі мен мүлкіне қол сұғылмаушылықты қатаң қорғағанымен, азаматтардың өз еркімен алаяқтарға алданып қалуы үлкен әлеуметтік дертке айналуда. Азаматтардың аңғалдығы мен цифрлық сауаттылығының жетіспеушілігін пайдаланып, арам пиғылын жүзеге асыратын цифрлық қылмыскерлерге қарсы пәрменді тосқауыл қойылды. Ата Заң талаптары мен мемлекеттік деңгейдегі кешенді шаралардың арқасында жалпы алаяқтық деректері 3,3 пайызға төмендеп, олардың ашылу көрсеткіші 34,9 пайыздан 57,4 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар, интернет-алаяқтық қылмыстарының саны 31,6 пайызға азайып, 60-тан 41 жағдайға дейін төмендеді. Бұл оң өзгерістерге тек жедел шаралармен емес, сонымен бірге Ұзынағаш пен Қарғалы сияқты ірі елді мекендердегі электронды ақпараттық тақталар арқылы жүргізілген «Алаяқтардың құрбаны болмаңыз!» атты ескерту және түсіндіру жұмыстарының арқасында қол жеткізілді.
Қоғамдық қауіпсіздіктің тағы бір маңызды бағыты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жол инфрақұрылымын тәртіпке келтіру. Бүгінде аудан аумағындағы жолдарда 30 «Сергек» жылдамдық өлшеу құрылғысы мен 842 бейнекамера тәртіпті бақылап тұр. Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 6198 хаттама толтырды. Көлік құралын мас күйінде басқарған 30 жүргізуші жауапкершілікке тартылып, Ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен 7 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. Сонымен бірге, соңғы уақытта жасөспірімдер арасында апаттылық деңгейі жиілеген мопедтер мен мотоциклдерді бақылау күшейтіліп, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша 126 мопед айып тұрағына қойылды. Есепті кезеңде жол ережесін бұзушыларға 136 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, оның 104 миллион теңгеден астамы немесе 76,1 пайызы бюджетке өндірілді. Жол қауіпсіздігін тексеру аясында 155 шақырымды құрайтын жол желілеріне 79 тексеру жүргізіліп, анықталған 132 ақауды жою бойынша тиісті нұсқамалар берілді.
Қылмыспен күрестің ең тиімді де нәтижелі жолы – оның алдын алу. Жыл басынан бері құқық бұзуға бейім, әлеуметтік ортасы күрделі 493 адам анықталып, полиция бөліміне жеткізілді және олармен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Ұлт саулығына қатер төндіретін есірткі қылмыстары мен синтетикалық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес те қарқынды жүргізілуде. Аудандық полиция басқармасы, әкімдік, білім беру ұжымдары мен медицина мекемелері жұдырықтай жұмылып, мектеп оқушылары мен жастар арасында Конституция мен заң талаптарын түсіндіру, зиянды әдеттерден сақтандыру бойынша кешенді акциялар ұйымдастыруда.
Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілгендей, мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Жаңартылған Конституция ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарын айқындап, әрбір азаматтың құқықтық қорғалу деңгейін арттырды. Ал заң үстемдігі мен Конституция талаптары қатаң сақталған қоғамда ғана елдің тұрақтылығы мен халықтың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі. Жамбыл аудандық полиция басқармасы қол жеткізген оң көрсеткіштермен шектелмей, аудан тұрғындарының тыныштығын, мүлкін, бейбіт өмірін және Конституцияда кепілдік берілген құқықтарын қорғау жолындағы жауапты қызметін одан әрі де абыроймен жалғастыра береді.
Берік ҚАПАСОВ, Жамбыл аудандық полиция
басқармасының бастығы, полиция подполковнигі.


