Комплаенс қызметі – ашықтық пен әділдіктің кепілі
Қазіргі таңда елімізде заңның үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамда адалдық құндылықтарын нығайту және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты осы мақсатқа жетудің негізгі тетігі болып табылады.
Бұл қағидат денсаулық сақтау саласында ерекше маңызға ие. Себебі әрбір азамат медициналық көмекке жүгінген кезде ең алдымен әділдікке, ашықтыққа және заң талаптарының сақталуына сенім артады.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруда комплаенс қызметінің рөлі ерекше. «Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы Қарғалы ауылының «Аудандық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны комплаенс-офицері Масанова Айнаш Алексейқызы ұйымда заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адалдық мәдениетін қалыптастыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Комплаенс қызметінің негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, ең алдымен олардың алдын алу. Осыған байланысты медициналық ұйымда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған кешенді іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Жыл бойы қызметкерлер арасында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы, қызметтік әдеп қағидалары, мүдделер қақтығысының алдын алу, сыйлықтар қабылдауға жол бермеу және заң талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. Әрбір жаңа қызметкер ұйымның ішкі нормативтік құжаттарымен таныстырылып, адал қызмет қағидаттарын ұстануға міндеттеледі.
Комплаенс-офицер Масанова Айнаш Алексейқызының бастамасымен ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл жұмыс барысында ұйым қызметінің барлық маңызды бағыттары жан-жақты зерттеліп, тәуекелдер анықталған жағдайда оларды жою бойынша нақты ұсынымдар әзірленеді. Мұндай тәсіл заң бұзушылықтардың алдын алуға және басқару шешімдерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар дәрілік заттарды тағайындау, еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын рәсімдеу, ақылы медициналық қызметтердің көрсетілуі, мемлекеттік сатып алу рәсімдері, қызметтік әдеп талаптарының сақталуы және азаматтардың өтініштерін қарау бағыттары бойынша тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Халықпен ашық байланыс орнату да комплаенс қызметінің маңызды міндеттерінің бірі. Пациенттер арасында сауалнамалар өткізіліп, олардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріледі. Медициналық ұйымда сенім телефоны жұмыс істейді, ақпараттық бұрыштар ұйымдастырылған, ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа қажетті ақпарат тұрақты жарияланып келеді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда цифрландырудың да маңызы зор. Электрондық қызметтердің кеңінен енгізілуі, қолма-қол есеп айырысуды азайту және бақылау тетіктерін жетілдіру медициналық қызметтердің ашықтығын арттырып, тәуекелдерді төмендетуге ықпал етеді.
Комплаенс қызметінің басты ұстанымы – жазалау емес, алдын алу. Сондықтан әрбір қызметкерге заң талаптарын түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және ұйымдағы адалдық құндылықтарын нығайту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Айнаш Алексейқызының қызметіндегі ұстанымы:
«Заң мен тәртіп – тек мемлекеттік саясаттың қағидаты ғана емес, әрбір медицина қызметкерінің күнделікті қызметіндегі басты ұстанымы болуы тиіс. Пациенттердің сенімі – біздің ең үлкен жауапкершілігіміз. Сондықтан әрбір шешім заңға, әділдікке және ашықтық қағидаттарына негізделуі қажет.»
Заңға құрмет, кәсіби жауапкершілік және адал еңбек – сапалы медициналық қызмет көрсетудің берік негізі. Әрбір қызметкер осы қағидаларды басшылыққа алған жағдайда ғана халықтың медицина саласына деген сенімі артып, «Заң мен тәртіп»қағидаты қоғам өмірінде нақты жүзеге асады.


