Біз жаңа – 2026 жылға қадам бастық. Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен қарсы алатын айрықша мереке. «Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп», – дейді дана халқымыз. Тарих қойнауына аттанған Жылан жылы еліміз үшін жемісті болды. Қазақстан қарқынды даму бағытында биыл өзінің құтты қадамын жалғастырды.
Өткен жылы біз тарихы тереңде жатқан тамырлы халық екенімізді баршаға тағы да әйгілей түстік. 2025 жыл ерекше даталармен сәйкес келді. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы, сөз сүлейі Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығы, Халық Қаһарманы, дәулескер домбырашы, даңқты дирижер, әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ел болып, республикалық деңгейде кезең-кезеңімен атап өтілді. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына 80 жыл толды. Айтулы мереке қарсаңында ұлы далада ұлт атауымен мемлекет құрған бабалар рухына тағзым етіліп, ардагерлер ардақталды, Ұлы Жеңістің мән-маңызы жас ұрпақтың санасына сіңірілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді. Бұл еңбек адамдары үшін аса зор қуаныш болды. Жалпы, тарих қойнауына кеткен 2025 жыл аудан халқы үшін несібесі мол, табысты жыл ретінде есте қалды.
2026 жыл еліміз үшін айрықша маңызы бар, тарихи тағылымы терең, рухани мәні зор кезең болмақ. Қазақстан өз тәуелсіздігінің 35-ші белесіне көтеріліп, өткен мен бүгінді таразылайтын, болашаққа бағдар жасайтын жауапты жылға қадам басып отыр. Бұл – елдігімізді айқындаған, азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым ететін, ұлттық сананы жаңғыртатын жыл.
Алдағы жылы халқымыздың азаттық аңсаған күрес жолындағы айтулы белестеріне де бірқатар мерейтойлар сәйкес келіп отыр. Қазақстандағы Ұлт-азаттық көтеріліске 110 жыл, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл, Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Сонымен қатар 1931–1933 жылдардағы ашаршылық қасіретіне 95 жыл толып отыр. Бұлар – ұлт тарихындағы ауыр да тағдырлы кезеңдер, ешқашан ұмытылмауға тиіс сабақтар.
Осы мерейлі жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толып, мерейтой республика көлемінде кеңінен аталып өтпек. Бұл – барша Алаш жұрты үшін рухани маңызы зор, елдік сананы бекемдейтін елеулі оқиға. Сонымен бірге қазақ халқының даңқты қолбасшысы Наурызбай Құтпанбетұлының 320 жылдығы, әділдігімен ел жадында қалған Сарыбай би Айдосұлының 205 жылдығы, Қазақстанның Халық ақыны Өмірзақ Қарғабайұлының 160 жылдығы да атап өтіледі.
Мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер Қанай Боранбаевтың 130 жылдығы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Халық ақыны Әсімхан Қосбасаровтың 110 жылдығы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бибі Артықованың 110 жылдығы да назардан тыс қалмайды. Қазақ кино өнерінің дамуына үлес қосқан кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы, кино және театр актері Мәкілқожа Құланбаевтың 100 жылдығы, Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпованың 95 жылдығы – руханият әлеміндегі маңызды даталар.
Ғылым мен әдебиет саласында да тағылымды мерейтойлар бар. Филология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаевтың 95 жылдығы, белгілі ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің 90 жылдығы, жазушы-журналистер Мұхамеджан Етекбаев пен Садуақас Бигелдиевтің 90 жылдық мерейтойлары аталып өтпек. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының ұшқыш-ғарышкері, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың 75 жылдығы мен тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің 75 жылдығы да жыл мазмұнын айшықтай түспек.
Бұл – бір ғана жылдың аясындағы мерейтойлар емес, тұтас ұлт тарихының, ел руханиятының, сан ғасырлық сабақтастықтың көрінісі. Осындай тағылымды даталар арқылы біз өткенге тағзым жасап, бүгінді бағамдап, келешекке кемел бағдар жасаймыз. Ұлтымыздың бай тарихы мен бабалар өнегесі – тәуелсіз Қазақ елінің баға жетпес құндылығы. Сол құндылықтарды ұлықтау, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.
Сөз соңында айтарымыз: алдағы Жылқы жылында абыройымыз асқақ болып, тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!
Әйгерім ӘБУ,
бас редактор.

