Конституциялық реформалар – ел дамуының берік негізі
Эльвира Азимованың Конституциялық реформаның басты мақсаттары мен міндеттері жөніндегі пікірі қазіргі саяси жаңғыру кезеңінің мән-маңызын терең ашады. Азаматтар тарапынан екі мыңнан астам ұсыныстың түсуі – қоғамның мемлекет тағдырына бейжай қарамайтынын, реформаларға белсенді түрде атсалысуға дайын екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Кеңейтілген құрамдағы Конституциялық комиссияның құрылуы – уақыт талабынан туындаған, қоғамдық сұранысқа берілген нақты әрі орынды жауап. Бұл қадам бірнеше айға созылған ашық пікірталастар мен халықтық талқылаулардың заңды жалғасы ретінде бағалануға тиіс.
Президент ұсынған мемлекеттік билік жүйесін жаңғыртуға бағытталған бастамалар – Парламентті Құрылтай форматына көшіру, Халық кеңесін құру, Вице-Президент лауазымын енгізу секілді институционалдық өзгерістер – ел басқару жүйесін барынша теңгерімді әрі тиімді етуге арналған. Мұндай ауқымды реформалар жан-жақты талдауды қажет ететіні де түсінікті, себебі олардың әрқайсысы мемлекеттің болашақ даму бағытына тікелей әсер етеді.
Бүгінде Қазақстан саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне нық қадам басып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, институционалдық тепе-теңдікті нығайту, заң шығарушы биліктің рөлін арттыру және тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейту – заманауи, әділетті әрі ашық мемлекет қалыптастырудың басты алғышарты.
Ең маңыздысы – ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты іс жүзіндегі көрінісі.
Сондықтан қолға алынған реформалар еліміздің демократиялық дамуын жаңа деңгейге көтеріп, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайта түсетініне толық негіз бар.
Рапбек Терлікбаев, Жамбыл ауданының құрметті азаматы, журналист

