«КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНДА ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МҮДДЕЛЕРДІҢ ТЕҢГЕРІМІ ТОЛЫҒЫМЕН САҚТАЛДЫ» – ДЕПУТАТ МҰРАТ ӘБЕНОВ
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына қатысты өз пікірін білдіріп, құжатта ұлттық мүдделер мен халықаралық міндеттемелер арасындағы үйлесім толық сақталғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Конституция жобасы ең алдымен мемлекеттің егемендігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық құндылықтарын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары ескеріліп, Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы жауапкершілігі нақты айқындалған.
– Жаңа Конституция жобасында ұлттық және халықаралық мүдделердің теңгерімі толығымен сақталған. Құжат еліміздің ішкі тұрақтылығын нығайта отырып, халықаралық аренадағы беделін арттыруға бағытталған. Бұл – Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуының маңызды қадамы, – деді депутат.
Мұрат Әбеновтің пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы сенімді нығайтып, елдің тұрақты дамуына негіз қалайды.
Депутат жаңа Конституция жобасын кеңінен талқылау азаматтық қоғамның дамуына серпін беретінін атап өтіп, ел болашағы үшін маңызды құжатқа қатысты халықтың белсенді қатысуы аса маңызды екенін жеткізді.
Муратхан Алимкулулы, Жамбыл ауданының құрметті азаматы, қоғам қайраткері


