Пятница, 10 июля, 2026
Басты бетЖаңалықтарМемлекеттік қызметтегі әдеп – халық сенімінің негізі

Мемлекеттік қызметтегі әдеп – халық сенімінің негізі

 

Мемлекеттік қызмет – бұл жай ғана кәсіби қызмет емес, ол – ел мен халыққа адал қызмет етудің жоғары жауапкершілігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында мемлекеттік аппараттың тиімділігі, ашықтығы және қоғам алдындағы жауапкершілігі әділ Қазақстанды қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Осыған байланысты «Заң және тәртіп» қағидаты әрбір мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысындағы басты ұстанымға айналуы тиіс.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы күшіне енді. Заң мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға, кәсібилікті арттыруға, меритократия қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңа заң мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін нақтылай отырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Бүгінде мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби біліктілігімен қатар, жоғары әдеп мәдениетін, адалдықты, әділдікті, бейтараптықты және азаматтарға құрметпен қарауды күнделікті қызметінде көрсетуі тиіс.

Мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті халықтың мемлекетке деген сеніміне тікелей әсер етеді. Сондықтан қызметтік міндеттерді сапалы орындау ғана емес, қоғаммен дұрыс қарым-қатынас орнату, мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекеттерге жол бермеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – әрбір мемлекеттік қызметшінің азаматтық әрі кәсіби борышы.

Жаңа заңда мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары ретінде заңдылық, кәсібилік, ашықтық, халыққа бағдарлану, адалдық, әділдік және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік айқындалған. Сонымен қатар мүдделер қақтығысының алдын алу, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және цифрлық басқару тетіктерін дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау ерекше маңызға ие. Әдеп нормалары қызметтік міндеттерді орындау кезінде ғана емес, қызметтен тыс уақытта да сақталуы қажет. Әсіресе әлеуметтік желілердегі мәдениеттілік, жария ақпарат таратудағы жауапкершілік және азаматтармен сыпайы қарым-қатынас мемлекеттік қызметші әдебінің ажырамас бөлігі болып табылады.

Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметшілерге консультативтік көмек көрсету, әдеп талаптарын түсіндіру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қызметтік әдепті сақтау мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметтің оң имиджін нығайту. Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі жазалау емес, ең алдымен профилактика жүргізуге, құқықтық мәдениетті арттыруға және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

Іле ауданында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтау, қызметтік әдепті нығайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілермен тұрақты түрде түсіндіру кездесулері, семинарлар, жеке қабылдаулар мен кеңес беру шаралары ұйымдастырылып келеді. Мұның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, қоғам сенімін нығайту және мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету.

Құрметті мемлекеттік қызметшілер!

Мемлекеттік қызметтің абыройы – әрқайсымыздың күнделікті ісімізден көрінеді. Әрбір қабылданған шешім, әрбір азаматпен қарым-қатынас, әрбір іс-әрекет заң талаптарына, әділдік қағидаттарына және жоғары әдеп нормаларына негізделуі тиіс.

«Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, халыққа адал қызмет ету – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті. Сонда ғана біз қоғамның сенімін нығайтып, кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастырып, Әділетті Қазақстанды бірге құра аламыз.

Іле ауданы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments